"Мен Игорь емеспін!". Қазақтардан пана сұраған якут әншісі жоғалып кетті

Dalanews 10 окт. 2023 03:54 698



Якут музыканты әрі азаматтық белсенді Айхал Аммосовты дүйсенбі күні Қазақстанда белгісіз біреулер ұрлап әкеткен.





Саха тәуелсіздігі үшін "Қарсылық" қозғалысының мәлімдеуінше, азаматтық киімдегі адамдар оны көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Содан бері хабар жоқ.

Аммосовтың таныстары Sota басылымына соңғы күндері оған Қазақстанның құқық қорғау органдары өкілдері жиі келіп жүргенін айтқан. Олардың айтуынша, полиция қызметкерлері Аммосовқа уақытша тұруға көмектесіп жүрген адамға барып, тұратын жері туралы қызығушылық танытқан. Белсендінің өзі Астанада тіркелген, бірақ соңғы кезде Алматыда тұрып жатқан.

Айхал "Азат Якутия" қозғалысының іргесін қалаушы. Ата-анасының азан шақырып қойған аты - Игорь. Есейе келе түр-тұлғасының Игорекпен мүлде үйлеспейтінін, мұның зорлықпен таңған есім екенін түсінген. Айхал саха тілінде әйдік, әйгілі деген мағына береді.

Якут белсендісі туралы репортаж жасаған DALA INSIDE телеграм арнасы: "Якутиядағы азаттық символына айналып үлгерген Аммосов "орыс әлемімен" ақырына дейін арпалысуға бел буып отыр" деп хабарлаған еді.

Аммосов орыстандыру саясатының зардабы якут халқының сүйегіне өтіп кеткенін айтқан болатын.

"Соғыстан қашқан якуттардың көпшілігі Қазақстанды паналады. Мұнда келгеннен кейін өзіміздің мәңгүрт екенімізді түсіндік.
Ресей бізді қойдай өргізіп, қозыдай көгендеген екен. Сөз саптауымыз, жүріс-тұрысымыз, ішер ас, киер киімімізге дейін орыстың исі сіңіпті. Якут көшелерінде мен секілді "Игорь" мен "Ивандар" өріп жүр. Олар бұл есімдерді басқыншылардың күшпен таңғанын білгісі де келмейді...", - деп қынжылған Айхал еді.

Толық нұсқасы осы жерде: https://t.me/dalainside/1280



Рекомендовать
Последние новости