“Мен де әкемін…”. Атышулы Хасан қазақстандықтарға үндеу жасады

Қаракөз Амантай 15 окт. 2024 09:29 176743

Талғарда бір топ адамның қолынан ажал құшқан Шерзат Болаттың ісінде есімі бірнеше рет аталған атышулы Хасан Қасымбаев қазақстандықтарға үндеу жасады. Түрлі дереккөз оны "Хутор" бандасының басшысы деп көрсеткен еді. Алайда Қасымбаев әлемжеліде тарап жатқан ақпараттардың жалған екенін әрі өзіне жала жабылып жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қасымбаевтың сөзінше, желіде таралған жалған ақпарат отбасына ауыр тиіп жатыр.

“Құрметті қазақ елі! Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттағы Қасымбаев Хасан деген - мен. Талғарда болған қайғылы оқиға, Шерзат деген баланың қазасына, туған-туысқандарына, әке-шешесіне қайғырып көңіл айтамын. Әрине, қиын. Ешқайсымыздың басымызға бермесін. Мен де әкемін. Бала тәрбиелеп, өсіріп отырмын.

Біздің отбасымызға да оңай болып тұрған жоқ. Қанша күннен бері ұйқы жоқ. Жалған ақпарат менің және отбасымның мазасын қашырды”, – деді ол.

Қасымбаев ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоқ екенін атап өтті және қылмыскерлер тиісті жазасын алатынына сенім білдірді. 

“Банда, ОПГ деп жатыр, ондайға еш қатысым жоқ. Заң алдында ешқандай мәселе болмаған, сотталмағанмын. Әрине, інісі сотталған деп айтып жатыр. Інім 2017 жылдан бері жазасын өтеп жатыр. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын.

Адвокат жалдадым, жалған ақпарат таратқан тұлғалардың бәрін заң бойынша жауап беруін сұраймын. Мен туралы айтылып жатқан ақпарат көп, заң бойынша арыздарын жазсын. Қылмыскерлер ұсталып, заң бойынша жазаларын алады деп ойлаймын”, – деді ол үндеуінде. 


Еске салайық, күні кеше
Хасан Қасымбаев өзінің ар-намысы мен абыройын қорғау мақсатында марқұм баланың әкесіне және тағы басқа тұлғаларға қарсы арыз дайындап, Талғар аудандық сотына тапсырғанын хабарлаған едік.

Хасанның айтуынша, оның атына тағылған айыптар мен қоғамдағы әңгімелер шындыққа жанаспайды. Ол қарапайым тұрмыстық төбелесті ұйымдасқан қылмыстық топтардың арасындағы қақтығыс ретінде көрсетуге тырысып жатыр деген пікірде.

Касымбаевтың пікірінше, оны атышулы қылмыстық топпен байланыстыру негізсіз. Әлгі арызда ол ешқашан кісі өлтіруге қатысты жастарды көрмегенін, білмегенін және олардың әрекеттеріне ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Хасан кез келген қоғамдық алаңда, тіпті БАҚ арқылы өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге дайын екенін баса айтқан. Оның ойынша, бұл оқиға қарапайым тұрмыстық жанжал болған, бірақ оны әдейі бұрмалап, үлкен қылмыстық астар қосып, оның атына кір келтірмекші.

Бұған дейін БАҚ беттері мен әлемжеліде марқұм Шерзат пен оның отбасына шабуыл жасаған бір топ бұзақының "Хутор" атты жергілікті бандымен байланысы бар деген ақпар тараған еді. Бірнеше дереккөз топтың төбе басында Хасан есімді азаматтың тұрғанын жазған.

Алматы облыстық полиция департаменті Шерзаттың өліміне күдікті ретінде ұсталған жеті адамның ұйымдасқан қылмыстық еш қатысы жоғын жеткізген.

Сонымен қатар Рысқұлов ауылының 60-қа жуық тұрғыны Хасанды қаралап жатқандарға және ауылдарына тіл тигізіп жатқандарға үндеу жолдаған еді. 

Олар алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарды.

"Біздің ауыл үшін өте қиын жағдай болды. Ең алдымен марқұм Шерзаттың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. "Бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді" деп бекер айтпаған. Ауыр болғаннан кейін осы тақырып төңірегінде неше түрлі ақпарат тарауда. Ауылымыз шағын болғанымен, өте ұйымшыл екенін айтқымыз келеді. Су тасқыны кезінде көмек беру үшін үш күннің ішінде 2,5 миллион теңге жинап, өз қолыммен табыстағанмын. Қаңтар оқиғасы кезінде де бүкіл Талғар үнсіз жатқан кезде осы ауылдың жігіттері біреу-міреу кіріп кетпесін деп кезек-кезек күзетті. Бұны бүкіл халық естіген шығар, бізге ешкім осылай әрекет етіңдер деп бұйрық берген жоқ.

Бұл – ауылымыздың ұйымшылдығы. Таяқтың екі ұшы болады. Біздің ауылымызға қатысты жаман сөздердің айтылмауын сұраймыз. Әртүрлі пікір айта бермей, құқық қорғау органдарына арыздарын жазсын, тексерсін. Тексермей жатса, шулатсын. Үйде отырып, анау айтты, мынау айтты деген сөздерді доғару керек", - дейді ауыл тұрғындары.

Олардың сөзінше, атышулы Хасан - көпке көмегін тигізіп жүрген азамат.

"Хасан керісінше, осы ауылдың бірлігі мен тірлігіне шапқылап жүр. Мектепке де, мешітке де ақшалай көмектесіп келеді. Осындай азаматты қаралап, Шерзат марқұмның ісі айдалада қалды. Одан өш ала алмай жүргендердің әрекетіне ұқсайды. Иә, оның інісі түрмеде отырған шығар. Ал оның жеке басына тіл тигізуге болмайды. Оған да ауыр тиіп жатыр. Дәлел бар ма, келіңдер, ұстап беріңдер. Ары қарай құқық қорғау органдары өздері шешеді. Қазір біреуді отыз адамға жаман десең, расымен жаман болып қалады. Сол үшін алып-қашпа әңгімелерді доғарайық. Әр нәрсенің шегі бар. Бұны естіген бүкіл ауыл жылап жатыр. Бұл сұмдық жағдай болды", - деп қосты олар.

 


Рекомендовать
Последние новости