Мемлекеттің тіл саясаты өзгерген жоқ. Жоқ жерден шу шығармайық — Ерлан Қарин

Қаракөз Амантай 25 апр. 2025 22:16 772

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қазақ тілінің мәртебесіне қатысты қоғамда туындаған пікірталасқа орай өз ойын білдірді. Оның сөзінше, тіл саясатына қатысты негізсіз айыптаулар мен даурықпа сөздер ел ішіндегі тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ "билік қазақ тіліне қиянат жасады" деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ”, – деді Ерлан Қарин.

Ол Мемлекеттің тіл саясаты өзгермегенін, қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру бағытында жұмыс тұрақты жалғасып жатқанын айтты. Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысы да бұл ұстанымды нақты айтқанын еске салды.

“Жалпы, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жетті. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек “қазақ тілінің болашағы жоқ” деп айту ешқандай қисынға келмейді”, — деді ол.

Мемлекеттік кеңесші тіл мәртебесін көтеру популизммен емес, нақты жоспар мен жүйелі жұмыстың арқасында жүзеге асатынын атап өтті. Оның пікірінше, “тіл жанашыры” атанып, арандатушылық әрекетке бару – зиян.

“Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі “ұр да жық”әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылады. Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз”, – деді Қарин.

Сонымен қатар ол ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған игі бастамаларды атап өтті.

“Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. “Ұлттық киім күнін” қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен “Ұлттық кітап күні” де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді”, — деп қосты ол.


Рекомендовать
Последние новости