Мемлекеттік кірістер комитеті «Жаңа Қазақстан» жағына ойысты

DALA Finance 05 февр. 2024 10:33 13689


«Жаңа Қазақстан» жағдайында, салық инспекторлары әрбір мәмілеге бола соттаса беруін тоқтатпақ. МКК-нің орталық аппараты жағдайдың өзгергені туралы хабарлап, барлық аймақтық органдарына хат жіберді.



Хатта мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа жіберілетін арыздар бойынша қоғамдық наразылыққа байланысты акцентті азаматтық сот ісін жүргізуден салықтық тексерулерге аудару керектігі жазылады. Демек, енді салық органдарының бизнеспен соттасуы күрт азаймақ. Оның орнына салық инспекторлары салықты көбірек өндіріп алу бойынша жұмыс істеуге көшетіні анық.



Кезінде Назарбаев кланының рейдерлері Мемлекеттік кірістер комитетін мәжбүрлеп, салық инспекторларының көмегімен бизнеспен соттасып, оған проблемалар тудырып, артынан активтерді болмашы тиынға сатып алатын. Осы арқылы көптеген бизнес сол рейдерлерінің қолына өтті.



2020 жылдан бері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, жеке бизнес, депутаттар осы мәселенің реттелуін сұрап келген еді. Біраз уақыт бойы Мемлекеттік кірістер комитеті өз позициясын «көлеңкелі экономикамен күресу» сылтауы арқылы қорғап келді. Комитет мәліметі бойынша, 2019 жылы бизнес 2,8 триллион теңгені банктерден қолма-қол ақша ретінде шешіп алған.



Бірақ, шот-фактуралар электронды форматқа ауыстырылғалы бері, салық комитеті үшін камералды бақылау жеңілдегенін ескеру керек. Қазір Мемлекеттік кірістер комитеті тәуекелдерді алдын-ала бақылау жүйесі арқылы жұмыс істейді. Бақылау тетіктері жаңарғандықтан, бизнеспен жұмыс бойынша алгоритмдердің жаңаруы да көп күттірмейтін шаруа болатын. Мемлекеттік кірістер комитеті бұл жаңалықты біраз кешігіп, 2024 жылы қабылдап отыр.



Салық комитеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындай ала ма? Үш жыл бұрын оларға сервистік модельге көшу бойынша тапсырма берілген болатын. Яғни, халықпен және бизнеспен етене жұмыс істеу, олардың шоттарын бұғаттап, жазалаудың орнына алдын-ала түсіндіру, диалог құру көзделген еді. Қазіргі жағдай бойынша, салықтық әкімшілендірудің барынша жеңілдегенін, оған цифрлік технологиялардың жетістіктері қолданыла бастағанын көріп отырмыз. Комитет дерегі бойынша, «Salyqbot» чат-ботында 109,5 мың пайдаланушы тіркеліп, 44 мыңнан астам өтініш өңделген. Ал 2023 жылдың қазан айында бейне байланыс арқылы консультация беру бойынша пилот іске қосылды.


Салық комитеті 2025 жылдан бастап мұрнынан шаншылатын болады. Себебі, бір жылдан кейін халықтың барлығы декларация тапсыра бастауы тиіс. Сауаты барлар тапсыратын шығар, бірақ ауыл мен базарда жүрген адам, оның ішінде интернеті ұстамайтын халық қайтпек? Осы мәселені салық комитетінің қалай шешетінін келесі жылы көретін боламыз.



Рекомендовать
Последние новости