“Аққулардың жаппай қырылуы”: Қазақстандағы VIP қонақүй жұмысын тоқтата ма?

Қаракөз Амантай 05 февр. 2024 10:42 2308


Маңғыстау облысында желтоқсан айының соңынан бері аққулардың жаппай қырылуынан соң Ақтаудағы Rixos қонақүйінен Қаракөлге қалдық су жіберіп отырған құбыр жүйесі жұмысын біржола тоқтатты. Бұл туралы өңірдің экология департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 


Департамент мамандарының шулы оқиғадан соң бастаған тексеру жұмыстарының нәтижесінде «Aktau Tourism Ltd» тарапынан табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты деректер анықталған.



“Қаңтар айының басында департаментке Rixos қонақүйіне қатысты "Табги орта" қауымдастығынан өтініш түсті. Осыдан кейін ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабының 2-бөлігі “Атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластанудан және бітелуден қорғау жөніндегі талаптарды бұзу” 328-бабының 1-бөлігімен әкімшілік істер қозғалды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою және ластаушы заттардың рұқсат етілген нормаларына сәйкес тазарту дәрежесіне жеткенге дейін немесе қаланың кәріз желілеріне сарқынды суларды ағызғанға дейін Қаракөл көліне ағынды суларды жіберуді тоқтату туралы ұйғарым шығарылды”, - деп жазылған департамент мәліметінде.



Сондай-ақ, дауға қалған қонақүй басшылығы да өздеріне тиісті жұмыстарды атқарғанын хабарлады.


“Қазіргі уақытта қонақ үй қалалық орталық кәріз жүйесіне толық қосылды. Осыған байланысты қоршаған ортаға қандай да бір антропогендік әсер жоқ. Қосымша Қаракөл көліне қалдық су ағатын құбырды алу жұмыстары орындалды”, - деп пікір білдірді қонақүй әкімшілігі.


Бұған дейін Маңғыстау облысындағы Қаракөл аумағын қыстаған аққулардың жаппай қырылғаны белгілі болды. Кейін олардың саны арта түсті.


Осыған қатысты аққулардың қырылуына байланысты құстар қонатын Қаракөлге “Rixos” қонақүйінен төгілетін қалдық судың құрамына талдау жасалған болатын.



Рекомендовать
Последние новости