Мемлекеттік білім гранты иелерінің есімдері белгілі болды

Жарбол Кентұлы 03 авг. 2024 13:01 920

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының әлеуметтік желілерінде 2024-2025 оқу жылына арналған білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланды.

Гранттарды тағайындау конкурсына қатысу үшін 104 мыңнан астам талапкер құжат тапсырды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.

Мемлекеттік гранттар республикалық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тағайындалды. Комиссия құрамында ҚР Парламентінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың, бiлiм саласы кәсiподақтарының, ҚР Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, ҚР Жоғары оқу орындарының ассоциациясының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды.

Бір гранттық орынға ең үлкен конкурс «Стоматология» БББТ бойынша болды. Бұл мамандық бойынша 35 талапкер бір орынға таласты. Ары қарай «Халықаралық қатынастар және дипломатия» (11 адам),  «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» (10 адам), «Аударма ісі» және «Психология» (9 адам) болды.

Грантқа үміткерлер арасында балдар теңдігі жағдайында басым құқыққа ие болатын 22 мыңнан астам талапкер, олардың ішінде  «Алтын белгі» иегерлері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Сондай-ақ, гранттарды үйлестіру барысында әлеуметтік осал санаттағы балалардың квоталары ескерілді.

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетсек, гранттардың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар.


Рекомендовать
Последние новости