Мемлекет басшысы Түркістанды дамыту жөніндегі жарлыққа қол қойды

Dalanews 29 сент. 2018 12:57 852

Түркістанға жасаған жұмыс сапарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активінде Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізді. Жиында Елбасы Түркістан қаласының дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды.

«Бүгін еліміздің тарихында бір елеулі уақытта кездесіп отырмыз. Жаңадан Түркістан облысы құрылып, Түркістан облысы облыс орталығы мәртебесін алды. Түркістанның дамуы, болашағы қалай болады деген сұрақ бойынша әңгімелесеміз. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеді» деген Елбасы сол комиссия басшысының есебін тыңдады. Елбасыға Түркістан қаласын дамыту жөніндегі жоспарын баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Бас жоспарға лайық үздік жоба анықталғанын мәлімдеді.

«Түркістан қаласының бас жоспарын әзірлеуге қатысты xалықаралық конкурс ұйымдастырылды. 22 ұсыныстың ішінен үздік жоба таңдалды. Таңдалған жоба сіздің тапсырмаңызда қойылған талаптарға толығымен сәйкес келеді. Соның ішінде Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау, одан ары көркейту, Қожа Аxмет Яссауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінді» деді Асқар Мамин.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстың дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, 2018 жылдың 8 ай қорытындысы бойынша өңірде негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 250 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  103,6%-ды құраған. Мал басы артып, 3500 тонна ет экспортталған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. 500 мың тоннаға жуық өнім Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 286,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 21 млрд.теңгеге артты. Өңір экономикасына 142 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Қазір облыста құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 8 айда құрылыс көлемі 66,2 млрд. теңгеге жетіп, өсім 105,8% болды. Барлық қаржыландыру көздерінен тұрғын үй құрылысына 21,2 млрд. теңге инвестиция бағытталды.   291,8 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 1922 пәтер іске берілді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 137,6%-ды құрады. Осы деректерді баяндаған ол облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру бағытындағы жұмыстар мен қаланы дамыту жөніндегі жоспарларға да тоқталды.

«Сіздің «Түркістан облысын құру, әкімшілік орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы» Жарлығыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Мемлекеттік органдарды жайғастыру үшін Түркістан қаласынан қажетті 25 ғимарат белгіленді Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1 956 пәтерлі 33 тұрғын үйдің (122 мың шаршы метр)  құрылысын бастап кеттік. Бүгінде Түркістан қаласын дамыту, туристік әлеуетін көтеру бағытында кешенді іс-шаралар қолға алынып, отандық және шетелдік кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесін беріп жатыр. Кеше ғана 28 қыркүйекте Түркістан қаласында 1-ші «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форумы өтті. Аталған форумға 17 шетел және отандық 500-ге жуық адам қатысты. Нәтижесінде 1,7 млрд.АҚШ долларын құрайтын 17 құжатқа қол қойылды» деді облыс әкімі.

Баяндамаларды тыңдаған Елбасы «Біз бүгін Түркістанды жаңа облыса орталығы ретінде аяғынан тік тұрғызу мәселесімен жиналып отырмыз. Қазір мемлекеттік органдар Түркістанға көшіп, жұмыс істеп жатыр. Енді Түркістанды халықаралық деңгейдегі қалаға айналдыру үшін Үкімет пен облыс әкімдігі мына мәселелерге назар аударулары тиіс. Біріншіден, өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыру керек. Облыстан Шымкент қаласы бөлініп шыққаннан кейін бюжеті екіге бөлінді. Сондықтан бюджетті толықтыру үшін жаңа кіріс көздерін, бюджетті молайту жолдарын табу қажет. Екіншіден, жұмыспен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі назарда болғаны жөн. Жұртшылыққа жаппай кәсіпкерлікпен айналысуды үйреткен жөн. Түркістандағы құрылыс алаңдары мен жұмыс орындарында  өзіміздің жастар жұмыспен қамтылуы тиіс» деген Елбасы ауыл шаруашылығын одан сайын дамытып, өнімдерді өңдеп шетелге экспорттау міндетін жүктеді. Сонымен қатар, көлік-логистика қызметін дамытып, туризмге серпін беру керектігіне тоқталды. Түркістанды электр қуатымен, газбен, сапалы көлік жолдарымен, әлеуметтік нысандармен және ауыз сумен қамту мәселелерін шешу жөнінде де тапсырма берді. Баламалы қуат көздерін дамытуды жүктеді.

Актив мәжілісінде Қазақстанның Құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Елбасының Түркістанға деген ерекше ықыласы мен қамқорлығына ел атынан алғыс айтса, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Виктория Черкашина да жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға риза екендігін жеткізді.

Түркістанды дамыту жөніндегі алқалы жиында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру жөніндегі тарихи Жарлықтарға қол қойды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости