Мектеп директоры өзіне қол салмақ болған баланың анасына 200 мың теңге ұсынған

Dalanews 12 сент. 2023 19:22 1071

Кеше Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы №29 мектептің  бастауыш сынып оқушысы құрдастары тарапынан көрсетілген буллингтен кейін суицид жасамақ болғаны туралы ақпарат тараған еді.

Аталған жағдайға қатысты Алматы облыстық Білім басқармасы мәлімдеме жасап, арнайы жұмыс тобы құрылғанын мәлім етті. Алайда, істі жасыру үшін мектеп директоры баланың анасына 200 мың теңге ұсынған.

Оқушының ата-анасының айтуынша, баласына мектептің дәретханасында әлімжеттік көрсетілген. «Дәретін сындырып, тәттіні соған малып, баланың аузына салған». Осы жағдайдан кейін оқушы өзіне қол жұмсауға бел буған. Ащы дәріні уыстап ішіп, асқазанын жаралап алған. Ал баланың анасы мектеп директорының осындай масқараны жылы жауып, ақша ұсынғанын ашық айтып отыр.

«Мектеп директоры 200 000 теңге беретінін айтты. Өтінішті алып, мектепте ешнәрсе болмағанын айтып, «чатта кешірім сұра» деді», – дейді баланың анасы Әсем Биғалиева.


Талғар ауданы білім бөлімінің бастығы Айнагүл Үшкемпірова «мектеп директоры педагогикалық этикаға жат қылық танытқанын», сол себептті директорға өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынған. Алайда білім ордасының басшысы Назым Сәрсебаева «дәлел жоқ» деп міз бақпай отырған көрінеді.

Тіпті, ата-ана Алматы облыстық білім басқармасынан келген мамандар алдымен жәбірленуші тараппен емес, әлімжеттік көрсетті деп күдікке ілінген оқушылардың ата-анасымен жабық жиын өткізіп, оған  зардап шегуші тараптың шақырылмағанын жеткізді.

Рекомендовать
Последние новости