Майқайыңда іздестіріліп жатқан құтқарушының әйелі тағы да үндеу жасады

Сағыныш Сардарова 07 февр. 2024 09:32 3741

Майқайыңда екі құтқарушы әлі де табылмай жатыр. Әлеуметтік желіде құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі үндеу жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген бір ай ішінде оқиға орнында жеке меншік құтқару қызметтері ғана жұмыс атқарған. 

"Бәлкім алғашқы күні денесі табылған екі құтқарушы секілді екеуінің де денесі шұңқырдың бір бұрышында, топырақ астында жатқан шығар. Біз солай екеніне сенімдіміз. Темір-терсек автобусты іздеп қайтеді?! Одан да адамдарды іздесін. Іздестіру кезінде басқа құтқарушыларға төнген қауіп барын түсінеміз. Алайда осылай орта жолдан қалдыру адамгершілікке жатпайды ғой. Жұмыстарды тоқтатуға болмайды. Барлық қауіпсіздік шарасын сақтай отырып жалғастыру қажет деп есептеймін", - дейді құтқаршының әйелі.

Ол жауапты органдарға бірнеше талап қойды.

"Біріншіден, екі адамды іздестіру жұмыстарын тоқтатпасын. Екіншіден, автобус құлаған тұстан жоғалғандардың денесі жатуы мүмкін жерлерді тексерсін. Үшінші, кинологиялық қызметті қайтадан тартсын. Төртіншіден, еліміздің басқа аймақтарынан немесе Ресей елінен тәжірибелі мамандарды алдыртсын", - дейді ол.

Айта кетейік, оқиға 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданындағы "Майқайың алтын" АҚ аумағында болды. Бұл кезде автобус шұңқырға түсіп кетті. Кейін екі адам өлі табылды. 


Рекомендовать
Последние новости