Майор Жанықбаевты әріптесі атып кеткен

Dalanews 05 февр. 2020 03:08 705

Талдықорғанда әріптесін өлтірді деген күдікпен 38 жастағы әскери қызметкер ұсталды. Оған майор Рүстем Жанықбаевты аңшы мылтығымен басынан атты деген айып тағылуда, – деп  хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

№ 48386 әскери бөлімше бастығының орынбасары Рүстем Жанықбаевтың денесі өткен жылдың желтоқсанында үйінің ауласынан табылған болатын.

Тура 40 күн бұрын майор Рүстем Жанықбаевты Қаратал ықшамауданындағы өзі тұратын көпқабатты үйдің алдында атып кеткен.


Жараланған әскери қызметкер дәрігерлер жеткенше жан тапсырған-ды. Содан бері жедел іздестіру тергеу тобы майорды мерт қылған адамның ізіне түсті. Ал қаскөй алыстан келмеген болды.

Аңшы мылтығынан оқ атқан 38 жастағы ер азамат №48/386 әскери бөлімшесінің қызметкері. Яғни, марқұмның әріптесі. Қылмысын да бірден мойындаған. Ол қылмысқа барғанына өкінетінін, қолын қанға малуына марқұм Жанықбаевтан көрген әлімжеттіктен кейін барғанын айтыпты. 36 жастағы бастығының тоқпағына шыдамаған ол қару кезеніпті.

– Майор Жанықбаев жұмыста өзінің қызметін пайдаланып ұрып, үнемі соғатын. Соған шыдай алмай қылмыс жасадым, – деді әріптесіне оқ атықан әскери адам.   


Әуел баста марқұмның туыстары да бұл қастандықты Рүстемнің қызметімен байланыстарған. Болжам дөп келді.

– Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, жедел іздестіру шаралары басталды. Нәтижесінде күдікті анықталып, құрықталды. Бүгінгі таңда істің мән-жайы анықталып жатыр. Әзірге күдікті уақытша ұстау изоляторында, – деді Талдықорған қалалық ПБ бастығының орынбасары Бауыржан Тілекбаев.

Ал, кісі қолынан қаза тапқан майордың артында екі баласы қалды. Әскерилер қызмет еткен әскери бөлімше осы уақытқа дейін болған жайтқа қатысты қандай да бір пікір білдіруге құлықсыз.

Әсем ҚАБЫЛБЕК

Рекомендовать
Последние новости