"Мәскеу бізді мәжбүрлей алмайды". Сарапшы ҰҚШҰ саммитіне қатысты пікір білдірді

Dalanews 16 мая 2022 12:03 719

Одақтас елдердің Ресейге тікелей әскери немесе әскери техникалық көмек көрсетуі екіталай.

Dalanews-ке пікір білдірген сарапшы Дәурен Әбеннің айтуынша Кремльдің көршілері Батыстың санкциясына ұшырағанды қаламайды.

"Мәскеуде өтіп жатқан ҰҚШҰ саммиті алдын ала жоспарланған шара. Ұйымның негізін қалаған Ташкент шартына қол қойылудың 30-жылдығына арналған саммит Ресей Украинаға соғыс ашпаса да өтуші еді.

Сондықтан Тоқаевтың сапарын ерекше бір жағдай ретінде қарастырмаған жөн. Әрине Украинада болып жатқан соғыс бұл саммитте қаралатын мәселелердің тізімінде ең жоғары тұратыны сөзсіз", – дейді сарапшы.

Оның пікіріне Ресейдің өз одақтастарына ықпал жасайтын саяси және экономикалық құралдары жеткілікті, ал Қазақстанның бұл тұрғыдан алғанда осал тұстары көп. Оның бірі - Ресей арқылы өтіп жатқан мұнай экспорты.

"Бірақ, менің ойымша, Мәскеу мәжбүрлеген күннің өзінде, одақтас елдердің Ресейге тікелей әскери немесе әскери техникалық көмек көрсетуі екіталай.

Олай істейтін болса, агрессор елдің сателлиті ретінде танылып АҚШ немесе Еуропалық Одақ тарапынан санкцияларға ұшырауы мүмкін.


Сондықтан, саммитке қатысушы елдер, ары кетсе, Ресейдің іс-әрекетіне түсіністікпен қарайтынын мәлімдеп, тезірек бейбіт келіссөздерді жалғастыруға шақыратын үндеу қабылдайды.

Ал Ресей басшылығы үшін өз халқына қазіргі таңда әлемдік деңгейде изоляцияға ұшырап отырған елдің әлі де болса одақтастары барын көрсету өте маңызды", – дейді Дәурен Әбен.

...

Бұған дейін Ақорданың ресми сайтында Қазақстан Президентінің ҰҚШҰ-ның Мәскеуде өткен мерейтойлық саммитіне қатысқаны хабарланған.

"Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты.

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

– Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін, – деді Қазақстан Президенті.


Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.

– Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ Ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады", – делінген ақпаратта.

Рекомендовать
Последние новости