Мәсімовтің орнына жаңа басшы сайланды

Dalanews 09 февр. 2022 08:37 799

Qazaq kuresi ұлттық күрес қауымдастығының құрылтайшылары қауымдастықтың жаңа президентін сайлады. Жаңа басшы мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев болды, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Бұл туралы қауымдастықтың Instagram парақшасында жазылды.

ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Серікқанұлы Ерғалиев еркін күрестен спорт шебері. "Ерен еңбегі үшін" медалі, "Дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен және "Ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін" Мемлекет басшысының алғыс хаттарымен марапатталған.

Қауымдастық 2020 жылдың қаңтарында Республикалық қазақ күресі федерациясы, Қазақ күресі халықаралық федерациясы және Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірігуі нәтижесінде құрылған. Бірлестікті сол кездегі ҰҚК төрағасы қазіргі уақытта қамауға алынған Кәрім Мәсімов басқарған.



Qazaq kuresi қауымдастығының мақсаты – ұлттық спорт түрін республикалық және халықаралық аренада дамытып, Олимпиада бағдарламасына енгізу.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазіргі кезде "мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу талпынысы" бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

Бұған дейін ҰҚК бұрынғы жетекшісі Кәрім Мәсімов, оның екі орынбасары Әнуар Сәдіқұлов пен Дәулет Ерғожин қамауға алынған.


Бұған қоса, 7 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті "А" арнайы тағайындау қызметі директорының бірінші орынбасары және Қызмет орталығының бастығы билік өкілетін асыра пайдалану бабы бойынша ұсталғаны белгілі болды. Оларға қозғалған қылмыстық істер "құпия" жүргізілуі тиіс істер қатарында.

Рекомендовать
Последние новости