«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы құрылады

Dalanews 09 февр. 2022 12:24 808

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топ құрылатынын жария етті.

– Қаңтар айының басында еліміз бұрын соңды болмаған қиын жағдайды басынан өткізді. Қазақстанға қастық ойлаған ішкі және сыртқы жаулар мемлекетіміздің шаңырағын шайқап, керегесін сөккілері келді. Опасыз экстремистік топтардың әрекетінен бауырларымыздың қаны төгілді, азаматтарымыз ауыр жарақаттар алды, мемлекеттік және кәсіпкерлерік нысандарға және мүліктерге нұқсан келді. Халықтың сабырлығы мен ауызбіршілігінің, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың табандылығы, қайсарлығы және Республикаға, Конституциялық құрылымға қарумен қарсы шыққан содырлар мен бандиттерді жою жөніндегі жауапты шешімінің арқасында, мемлекеттің егемендігі және тұрақтылығы сақталып қалды. Бұл жағдай кездейсоқ болған жоқ. Елімізде көптен бері қордаланып, әділетсіздік пен жемқорлықтың кесірінен шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелер оқиғаның тұтануына себепші болды, – деп тоқталды Е. Жаңбыршин.

Осы орайда ол қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болуы керек екенін атап өтті. Оның алғышарттары – қоғам мен биліктің шынайы тазаруы, ақиқаттың ашық айтылуы, қателіктердің мойындалуы, мемлекеттік аппарат пен құрылымдардың олигополия өкілдері мен жемқорлардан тазартылуы болып отыр.

– Бұны, бүгін қоғам белсенді талқылап және оны Мемлекет басшысы батыл түрде іске асыра бастады. Президентіміздің Қазақстанды жаңартамын, дұрыс арнаға бұрамын деген ақ ниеті бар. Ал, біз, ел болып оны бірауыздан қолдауымыз қажет! Өздеріңізге мәлім қаңтардың 11 жұлдызында Президент Парламент Мәжілісінің және кешегі Үкіметтің отырысында елімізде атқарылатын біраз маңызды мәселелерді айқындап, нақты міндеттерді қойды. Жалпы қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынаста трансформацияның қажеттілігі туындағанын және «Жаңа Қазақстанды» құру туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы қайта-қайта айтып жүр. Мұндай кешенді трансформация ең алдымен Парламент қызметінде орын алып, Мәжіліс қабырғасынан басталуы шарт! – деді депутат.


– Сондықтан Парламенттің төменгі палатасындағы жұмыстарды жаңа деңгейге көтеріп және Президенттің тапсырмаларын Мәжіліс депутаттары тарапынан қадағалау мақсатында «Жаңа Қазақстан» атты депутаттық топты құруды, ресми түрде жариялаймыз! «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы қоғамдағы ең өзекті мәселелерді дер кезінде Парламент төрінде көтеріп, тұрғындардың мұң-мұқтаждарын уақытында шешіуге қызмет етеді. Үкіметпен бірлесіп халықтың руханиятын күшейтетін, әл-ауқатын жақсартатын заң жобаларын дайындауға, сайлаушыларымызбен одан әрі тығыз қарым-қатынастар орнатуға мүдделі. «Жаңа Қазақстан» депутаттық топтың қоғамдағы барлық белсенді саяси партиялармен, наразы топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен және сарапшылармен қоян-қолтық қызмет жасауға ынталы және дайын екенін мәлім етеміз. Қазақта «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл, – деген сөз бар. Жаңа Қазақстанның жүгін ұлыс болып бірге көтерейік! Президент бастаған реформаларды саботажға жібермей, аяғына дейін жеткізейік! Баршаңызды, елдің іргесін нығайтуға шақырамыз! – деді Еділ Жаңбыршин.

Бұл бастамаға Мәжілістің бірқатар депутаты қолдау білдірген.

 

 

Рекомендовать
Последние новости