Мәсімовтің артында не батыс, не Америка тұрған болуы мүмкін - экс-депутат

Сағыныш Сардарова 17 июн. 2024 17:00 2528

Бұрынғы Мәжіліс депутаты, экономист Омархан Өксікбаев ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің артында батыс елдері тұруы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жуырда Мәсімов Президент Тоқаевтан кешірім сұрағаны белгілі болды. Қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.

"Шынында да, ол осы мекемеден 2024 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады", - деп хабарлаған еді ҰҚК бұған дейін.

"Оның өмірін халық шешпейді, Президент шешеді. Халық "кешірдім" деп айтса да заңмен сотталған адамды түрмеден ешкім босатпайды. Оны түрмеден рақымшылық жасап босататын өкілеттілік құқық тек Президентте. Сондықтан Президентке жазып отыр. Осынша жылға сотталып отырған адам қай жерде қандай түрмеден құтылатын мүмкіндік бар, соның бәрін пайдаланғысы келіп отыр. Менің ең бір қауіптенетін мәселем бар.

Ол мынадай ауыр баппен кеткенін біле отырып, соған рақымшылық сұрауының астарында бірдеңе жатқан сияқты. Саяси ойын емес. Батыста қолдаушылары бар шығар. Солар "осылай жаса" деп айтуы мүмкін. Еуропа болсын, Америка болсын. Солай да болуы мүмкін. Егер ол жақтан сондай қолдау болып, сондай ақыл айтса, ол қауіпті дүние, түрмеден құтылып кетуі де мүмкін. Батыс азуын ашып, "мынаны жібер, мынау жазықсыз екен" деп әңгіме айтып жатса, жасыратыны жоқ, кейде құқық қорғандары басқа бапты тауып, қателесіппіз деп кешірім сұрай салады. Содан қорқамын. Бұл жерде әліптің артын тосамыз", - деді Өксікбаев бұл турасында Bilgen Durys-қа берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол Америка Мәсімовті не үшін қолдауы мүмкін екенін ашық айтты.

"Оның астарында үлкен дүниелер жатыр ғой. "Қашаған", "Қарашығанақ" деген инвесторлар келгенде, сол жобалардың елімізге инвестор болып енуіне Кәрім Мәсімов ол кезде Үкімет басшысы ретінде қатты араласып, сол шаруаның, сол шарттың жасалуында басында болды және тікелей оның орындаушысы болды", - деді ол. 

Айта кетейік, 2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Рекомендовать
Последние новости