Мәсімов үкімге Жоғарғы сотқа шағымдану мүмкіндігін әлі пайдаланған жоқ

Сағыныш Сардарова 14 июн. 2024 10:53 4695

Кәрім Мәсімов үкімге Жоғарғы сотқа шағымдану мүмкіндігін әлі пайдаланған жоқ, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.Aqsha арнасы мәліметінше, жақында сот кабинетінде ҰҚК-нің бұрынғы басшысының ісі бойынша материалдар Жоғарғы сотқа түскені туралы ақпарат пайда болған. Жоғарғы сот ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"К.К. Мәсімовке қатысты сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасалмады", - деп жауап берген Сот әкімшілігі басшысының орынбасары Болат Жоламанов арнаға.

Айта кетейік, бұған дейін мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алуға тырысқаны үшін сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов кешірім жасау туралы өтініш бергені мәлім болды.

Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Informburo.kz-ке мәлімдеген. Қазір Кәрім Мәсімов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қаулысы негізінде Астанадағы ҰҚК тергеу изоляторында отыр.

"Шынында да, ол осы мекемеден 2024 жылғы наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады", - деп хабарлаған ҰҚК.

Ведомствода Мәсімовке қатысты Қылмыстық кодекстің 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы және 366-бабы, 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатқаны айтылды.

Ал 2023 жылы 24 сәуірде Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин, Марат Осиповке қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын.

Сот істі "Аса құпия" деген белгімен қарады. Кәрім Мәсімов ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 18 жыл бас бостандығынан айрылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте өмір бойы қызмет ете алмайтыны және мүлкі тәркіленетіні айтылды. Кәрім Мәсімов бұған қоса генерал шені мен мемлекеттік наградаларынан айырылды.

Ал оның орынбасары Дәулет Ерғожин Қылмыстық кодекстің 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Кейін апелляциялық саты К.Мәсімовке, А. Садықұловқа және Д. Ерғожинге қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін қауіпсіздігі ең жоғары мекемеден қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтеу бойынша өзгертті.


Рекомендовать
Последние новости