Мәселенің тамыры тереңде

Бауыржан Ердембек 02 февр. 2024 17:31 2671


Елтаңбаны көрсетуден қиналса ол біздің білім саласының тырнақшаның ішіндегі жетістігі деп білуіміз керек. Қазір біздің университеттердің миссиясын қарап көріңізші? Бәрінде «бәсекеге қабілетті болу», «үздік атану» деген секілді жаттанды жауап аласыз. Қай жағынан үздік, қандай бәсеке онда шаруа жоқ.


Мен өзім екі өңірде ЖОО басқардым. Мысалы, Ақтөбедегі университетті басқарғанда біз негізгі миссия ретінде Абайдың толық адам ілімін негізге алдық. Студент университет қабырғасынан білім мен қатар ілімді алып шығуы қажет. Олардың уақытын ұрлап, түрші іс-шараларға салып, қолбала қылмай, жан-жақты біліммен қаруланып шығуына жұмыс істеген жөн.


Мектептерде де сол науқаншылық. Бітпейтін жиналыс. Жақында қаншама мектеп директорын желпілдетіп Астанаға шақырып, жиын жасады. Сол қажет пе? Білім саласы ақсап жатқан кезде, оқулық сапасы сын көтермейтін кезде жиын-шараның не қажеті бар? Министрліктердің басқа шаруасы жоқ па? Оның орнына мектептерде жүйелі негізде білім беретін бағдарлама жасауымсыз керек еді.  



Біз ұлттық тәрбие мен халықтық институттарды жоғалтып алдық. Дүбара ұрпақ көбейді. Қазір мектеп бағдарламасында Алаш қозғалысын, тұлғаларын оқытады. Бірақ кеше ғана мектептен шыққан бала бүгін оларды ұмытады. Міне біздегі білім жүйесінің әлсіздігі. Ондай жағдайда рәміздерді танымады деп кімге кінә қоямыз? Бітпейтін бір реформалар. Ол реформаға халықтың дайындығы бар ма, ешкім санасып жатқан жоқ. Осының бәрін көрген ақылды жігіттер мен қыздар шетелге кетіп жатыр.



Байқап қарасаңыз, жер мәселесі, ұлттық, мемлекеттік дүниеге келгенде өзге ұлттардың даусын естімейсіз. Олардың бұл мемлекетке түк жаны ашымайтындай. Мемлекеттілік, елдік, патриотизм мәселесінде тек жергілікті ұлт қана шырылдап жүргендей. Нағыз күресетін, ойланатын мәселе осы. Мәселенің шешімін түбегейлі түрде қарастырмасақ, немқұрайлы, дүбара қоғам өкілдерінің саны көбей бермек.


Бауыржан Ердембек – филология ғылымдарының докторы


 



Рекомендовать
Последние новости