Марқұм Шерзаттың үйінің өртенуіне қатысты іс қалай жүргізілуде?

Қаракөз Амантай 23 окт. 2024 11:54 2516

Талғарда марқұм Шерзаттың отбасы тұрған үйдің өртенуіне қатысты екінші қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Суретте олардың мүлкінен қалған аз ғана заттар көрсетілген. Аймақ әкімі Шерзаттың әкесі Қаржаубайға үйді қалпына келтіруге уәде берген болатын. Алайда тергеу шараларының созылуына байланысты бұл іс әзірге баяу жүріп жатыр. Сондықтан көпбалалы отбасының қай уақытта өз баспанасына оралатыны белгісіз. Қазіргі уақытта олар туыстарының үйінде тұрып жатыр”, - деп мәлімдеді Instagram әлеуметтік желісіндегі justice_for_sherzat парақшасы.

Дереккөздің мәліметінше, Шерзат Болаттың отбасы қаржы жинауға байланысты ешқандай хабарландыру жарияламаған.

“Олардың атынан ақша жинап жатқан адамдар – алаяқтар! Егер Қаржаубайдың отбасына қаржылай көмек қажет болса, бұл туралы осы парақшада міндетті түрде хабарлаймыз”, - деді дереккөз.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Рекомендовать
Последние новости