Мақтаарал ауданында дүбірлі көкпар болып өтті

Dalanews 21 нояб. 2018 09:05 948

Ауданның 90 жылдығына бағышталған көкпарда алғашқы салым 90 мың теңгеден бастау алып, әр салым сайын өсіп отырды.

Осылайша мерейтойды 3 күн бойы атап өткен мақтааралдықтар ұлттық ойынымызды жаңғыртты. Аудан кәсіпкерлері және спорт жанашырларының демеушілігімен өткен сайысқа ҚР-ы Көкпар федерациясының президенті Мұхтархан Ділдәбеков арнайы қатысты.

Жиында ең алғаш сөз алған аудан әкімі Б.Асанов бірнеше белсенді азаматтарды арнайы марапаттап, сөз сөйледі.


«3 күннен бері атап өтіп жатқан мерейтойымыздың ашылу салтанатына облыс басшысы Ж.Түймебаевтың өзі қатысып, мақтааралдықтарға деген ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ, алыс-жақын жерлерден бізден түлеп ұшқан атақты түлектер қонаққа келіп, көршіміз Өзбекстаннан бір топ делегация шақырылды. Бірінші күн аудан орталығы Мырзакент кентінде, екінші күн атамекеніміз Атакент кентінде ондаған іс-шаралар өтті. Міне, бүгін үшінші күн дүбірлі тойымызды жалғастырып, шартарапқа жар салып, көкпар өткізудеміз. Көкпар – қазақтың қанына сіңген өнер. Қалың нөпірді қақ жарып барып, дода ортасынан серкені суырып шыққан шабандозын көргенде жүрегі туламайтын қазақ бар ма?! Сондықтан, ауданымыздың 90 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі көкпарға сәттілік тілей отырып, барша жерлестерімізді мерейтоймен тағы да құттықтаймын!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.



Жігіттердің батылдығы мен ептілігі, күш-жігері мен төзімділігі сынға түсетін көкпар ойыны атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Ықылым заманнан бері қанымызға сіңген қасиетімізді дәріптеу мақсатында өткен Мақтаарал ауданының 90 жылдығына арналған көкпарға көршілес Жамбыл, Қызылорда обылыстарынан және Түркістан облысының барлық аудандарынан мыңға тарта көкпаршы қатысты.

Аталмыш шараға қатысқан ҚР Көкпар федерациясының президенті, Мырзашөл топырағының түлегі Мұхтархан Ділдәбеков:

«Мақтааралдың топырағына аунап, нанын жеп, суын ішкен ұлдарыңның бірі менмін. Еңбекпен ерін ерте есейтіп, додаға түссе алдына жан салмайтын небір мықтыларды тәрбиелеген мақталы өлке – киелі мекеніміз. Баршаңызды мерейтоймен құттықтаймын»


- деді.

Әлемдік деңгейде мойындалған қазақтың көкпар ойынына жиналған елдің де қарасы қалың болды. Көнекөз қариялар ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, жастар арасында достық пен бірлікті нығайту мақсатында көкпар ойынының шығу және даму тарихы жайында жастарға ғибратты әңгімелерін айтты. Көкпар соңында салым салған шабандоздармен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түсіп, көпшіліктің ықыласына бөленген құрыш білекті жігіттер, бабы мен бағы қатар шапқан сәйгүлік аттар да ұйымдастырушылар тағайындаған арнайы номинацияларға ие болды.

Рекомендовать
Последние новости