Мақпал Жүнісова: "Небір жегіштер "үй қамақта" отыр. Халық әртісін бірден қамап тастау сұмдық қой"

Dalanews 04 нояб. 2016 09:36 852

31-арнаға сұхбат берген Қазақстанның Халық әртісі Мақпал Жүнісова осылай деп отыр.


Халық артисі, танымал актер Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекет қаржысын қолды қылды деген айыппен қамауға алынды. Бұған дейін Жаманқұлов продюсерлік ететін «Феникс» көркем фильміне қатысты дау туындап, бірнеше тексеру болған.

«Феникс» көркемфильмінен басталған дау Жаманқұловтың қамалуына ұласты. Атақты актер 69 миллион теңге жымқырды деген ресми орындар ол қаржы фильмнің дайындық жұмыстарына бөлінген дейді. Қамауға алынбай тұрып Жаманқұлов «Феникс» фильмі жеке шаруам, мен ешқандай қаржылық шаруаға қатысым жоқ деген.

Тұңғышбай Жаманқұлов, ҚР Халық артисі:

— У меня ни одной подписи, ни одной бумаги. Есть там исполнительный продюсер, они тратят деньги. Я просто нашел деньги. И на меня этот криминал не подойдет ни в коем случае. Если даже их посадят.

Осылайша танымал артист бір ай уақыт бұрын әріптестері алдында арым таза деп ақталған. «Феникс» фильміне қатысты құзырлы орындар екі мәрте тексеру жүргізіп ілік таба алмаған екен. Жаманқұловтың қамауға алынғанын естіген көпшілік мұның артында ықпалды адам тұр деп топшылайды. Себебі аталған фильмге қатысты актер мен министрлік арасында келіспеушіліктер болған. Алайда бүгін министр Мұхамедиұлы ақпараттық порталдар арқылы өз мәлімдемесін жасады.

Министр заң өкілдеріне тікелей ықпал жасай алмаса да, оны кепілдікпен қамаудан босатуға өтініш жасайтынын айтты. Ал жайсыз хабарды естіген өнер адамдарының көбі Жаманқұловтың ұсталуына қатысты пікір айтудан қашты. Ал әнші Мақпал Жүнісова Халық артисін бірден қамап тастау сорақылық дейді.

Мақпал Жүнісова, ҚР Халық артисі, әнші:

— Жаманатқа қимаймыз, әрине. Кейін бақылап отырамыз ғой. Бірақ ол кісіні бірден жауып тастайтындай енді, мысалы, небір адам өлтіргендердің «үй қамақпен» отырғандарын естіп жатамыз біз. Енді 200 мың доллар өкіметтен ұрлады деп бірден қамап тастау деген сұмдық қой.

Әзірге өнер адамдары тарапынан театр тарланына араша түсу, ақтау әрекеттері байқалмады. Тұңғышбай Жаманқұловқа қатысты бұлтартпау шарасы қандай болатыны ертең белгілі болмақ.

https://www.youtube.com/watch?v=qddcciiYvCo

Рекомендовать
Последние новости