Алматы әкімдігінде Михаил Шайдоровты әлем чемпионатындағы күміс медалімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Михаил Шайдоров – жеке сырғанауда өнер көрсететін мәнерлеп сырғанаушы. Бостонда өткен әлем чемпионатында ол күміс медальға ие болды. Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов спортшыны құттықтап, бұл жетістіктің табандылық пен мақсаткерліктің жарқын үлгісі екенін атап өтті.
Кездесу барысында Бейбіт Шаханов Алматы әкімдігінің атынан Михаил Шайдоровқа 2,5 миллион теңге көлемінде қаржылай сертификат табыстады. Сондай-ақ спортшыға демеушілік қаражат есебінен Алматыдан 2 бөлмелі пәтер сыйға тартылды.
Бейбіт Шаханов оның отандық спортты дамытуға және қаланы халықаралық деңгейде танытуға қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.
«Сіз қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың абыройын арттырып қана қоймай, жүздеген жас спортшыны өзіне сенуге және алға ұмтылуға шабыт бердіңіз. Ерекше алғысты жаттықтырушыңыз Әсем Робертқызы Қасановаға айтқым келеді. Ол өз ісіне деген жоғары кәсібилігімен, даналығы және шынайы адалдығымен ерекшеленеді. Қазақстан Республикасының мәнерлеп сырғанау бойынша бас бапкері ретінде ол спорттың дамуына және мұз айдынында жаңа жұлдыздардың қалыптасуына үлкен үлес қосты», – деді Бейбіт Шаханов.
Өз кезегінде Михаил Шайдоров қолдау көрсеткені үшін әкімдікке алғыс білдірді.
«Мен қала әкімдігіне, алматылықтарға қолдау көрсеткені үшін өте ризамын. Бұл мені шабыттандырып, әрі қарай жетістікке жетуге күш береді. Бұл менің ғана емес, бүкіл елдің жеңісі, маған сеніп, осы жолда көмектескен көпшіліктің еңбегінің нәтижесі», – деді Михаил Шайдоров.