Мамин: "Тәуелсіз Қазақстанның тарихында Семейдің орны бөлек"

Dalanews 17 мая 2020 05:17 933

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Семей қаласына және Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданына жұмыс сапары аясында мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын және Абайдың 175 жылдығын атап өтуге дайындықты тексерді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Семей қаласында Үкімет басшысына қаланың 2020-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарының, "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020" және "Нұрлы жер" бағдарламаларының орындалуы туралы баяндалды.



Атап айтқанда, А. Мамин Абай атындағы алаңды, музей мен театрды реконструкциялау жұмыстарымен, сондай-ақ "Қарағайлы" шағын ауданы мен көпбейінді мәдени-спорт кешенінің құрылысымен танысты.

"Семей тәуелсіз Қазақстанның мәдени, рухани мұрасы мен тарихында айрықша орын алады. Ел басшылығы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі", — деп А. Мамин, қаланы дамыту бойынша барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.


Премьер Абайдың әдеби мемориалдық мұражайында болып, құнды жәдігерлермен танысты. Атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды. Сондай-ақ премьер министрге биылғы мерейтой аясында һәкімнің табаны тиген қара шаңырақ алдына ақын мен ұлдарының бірге тұрған ескерткіші қойылатыны жайлы жеткізілді. Мұндай ескерткіш елімізде әлі қойылған жоқ.

Асқар Мамин ақынның 175 жылдығына орай ең маңызды іс-шаралар өтетін Абай театрындағы жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жөндеу жұмыстарының барысына облыс әкімі, қала әкімі, облыстық мәдениет басқармасы тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп жатыр.



"Театрдың іші де өзгереді. Екінші қабаттың фойесі басқаша көрініп, көрермендер залы да өзгереді. Абай мерейтойына орай театр әртістері жаңартылған сахнаға шығатын болады" , – деп жеткізді өңір басшысы.



Бүгінде Семей шаһарында Абай алаңында да ауқымды жөндеу жұмыстары басталған болатын. Алаңның бейнесі толығымен өзгереді.

Жоба бойынша бордюрлерді жаңарту, ойшылдың құрметіне арналған ескерткішті жарықтандыру қарастырылған. Спорт және балалар алаңдары, автокөліктерге арналған тұрақ, субұрқақ салынады. Мердігер «Фирма Азия» ЖШС барлық жұмыстар шілде айына дейін аяқталатынын уәде етеді.

Бұдан соң Мамин Абай ауданының әкімшілік орталығы Қарауыл ауылында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымының дамуын тексерді. Мұнда Үкімет басшысына 300 орынға арнап салынып жатқан орта мектеп құрылысы, Абай атындағы саябақты салу, сондай-ақ елді мекеннің су тарту желілерін реконструкциялау туралы баяндалды.



Премьер-Министр Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейіне барып, онда "Абай-Шәкәрім" мемориалдық кешенін реставрациялау жұмыстарының барысымен танысып, Абайдың музей үйін аралады.



Үкімет басшысы Абайдың 175 жылдығына орай жоспарланған Семейдегі және Абай ауданындағы тарихи-мәдени нысандарды жөндеу және жаңғырту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

"Мерейтой мемлекеттік деңгейде аталып өтеді. Бұл шара Қазақстан халқы үшін үлкен идеологиялық және тарихи мәнге ие", — деді А. Мамин.

[video width="960" height="540" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2020/05/VID-20200517-WA0010.mp4"][/video]

Рекомендовать
Последние новости