Мағбат Спанов: "Бізге ел ішінен шыққан инвестор керек"

Dalanews 02 нояб. 2018 08:58 905

 Дағдарыстың шеті мен шегі бар ма? Келер жылдан не күтеміз? Тұрмысымыз қашан оңалады, түтініміз қашан түзеледі? Forbes-қа сұхбат берген  экономист Мағбат Спанов осы және өзге де өзекті мәселе төңірегінде ой қозғапты.

Санкция Ресейді түптің-түбінде діңкелетіп тынады. Мәскеу сыр білдірмей отырғанмен, дәл қазір дәрменсіз, мына түрімен ұзаққа бармайды.

Санкция салынғалы бері сорлап келеміз. Ресейдің одақтасы болғанымыздың өтеуі осы. Осыдан үш жыл бұрын қандай едік, қазір қандай күйдеміз?  Күн санап кері кетудеміз, анығында. Қайда қарамасаң да құлдырау, тұралау.  

Бірақ, бұл бергі жағы ғана. Қиындықтың көкесі әлі алда. Халықтың биліктен біржолата күдер үзетін кезі келеді. 

«Осының бәрі санкцияның кесірі. Ресей экономикасының кетеуі кетіп тұр, бұл бізге де сезіледі» деген уәждеріне иланбайтын болады уақыт өте келе.


Санкция, Ресей...мұның бәрі құр сылтау. Кінәні сырттан іздеу арқылы жауапкершіліктен жалтарғысы келетін сыңайлы ма, қалай өзі?

Бәріне өзі кінәлі, бәріне өзі жауапты. Экономиканың ережелерін білмейді. Осы саланың ойранын шығарған өзі екенін мойындағысы жоқ. Дәл қазір құлдырау ғана бар, өсу-даму туралы сөз жоқ. Экономиканың ежелден бар ережелерін білмегендіктен дағдарыстан құтылудың тетіктерін таппай дал болып жүр.

Экономикалық дамудың көрінісі – халықтың тұрмысы. Экономикалық саясатты ел мүддесін ойлап жүргізетін мемлекеттің барлығы бай.

Ал біз қандаймыз? Айтпай-ақ қойын. Айтпасам да білесіздер.

Үкімет экономикадағы аласапыранның алдын-алу үшін күрескен жоқ, ал салдарымен күрескеннен не қайыр?  Белгілісі, бізде тағы бір девальвация болды. Ресми деңгейде растағысы келмеді. Теңгенің құлдырауы жалғаса береді.

Бір рет құлдыраудың шегіне жеттік. Доллар 386 теңгеге дейін шарықтады. Жыл аяғына дейін долларды 360 теңгенің төңірегінде ұстап тұруға тырысады. Келер жылы не болары белгісіз. АҚШ валютасы 380-390 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін.

Мұның бәрін неден?  

Билік пен байлық деген түсініктер біте қайнасып кеткен, біздің елде. Бөліп-жара алмайсың. Жоғарыдан қабылданған шешімдердің дерлігі билігі мен байлығы барлардың мүддесін ескеріп қабылданады.


«Халқым» дейтін Үкімет жоқ бізде.

Қазақстанда макроэкономикалық мәселелерді шешу – байлардың мәселесін шешу.

Түнеукүнгі теңгенің құлдырауы да  тегін емес. Біз айтып отырған жалғанды жалпағынан басқандардың ықпалымен жасалуы бек мүмкін.

 Девальвация кезекті рет халықтың қалтасын қақты. Тапқан табысының берекесі қалмай барады. Жиған-тергені болса, ол да әлдеқашан түгесілген.

Үкіметтің Ұлттық қорға «ауыз салғаны» бар мүмкіндігін сарқа тауысқаны еді.

 Ұлттық қор –  биліктің ақырғы амал-тұғын. Сонымен шектелетін шығар деп сенген едім. Жоқ. Зейнетақы қорының ту-талақайын шығарды. Ол да аздық етті. Медициналық сақтандыру қорындағы ақшаға көз алартты. 

2000-шы жылдардың орта шенінде күшеніп айтқан уәделердің көпшілігі орындалған жоқ. Ұлттық қорды не үшін құрып едік? Келешек ұрпақтың сыбағасы еді ғой ол?  Сол уәдеде неге тұрмадық?


Немере-шөберелеріміз қажетіне жаратсын деп сарымайдай сақтаған қордың ақшасын шетінен кертіп жатыр. Өзімізді ғана емес, өсер ұрпақты да қарызға белшеден батырдық. Міне, біз  осындаймыз.

Үкімет үнемдеуді үйренбесе мәңгілік дағдарыстың бодауында жүреміз. Дарақылық түбімізге жетеді біздің. Мұны биліктен басқаның бәрі түсініп отыр.  Биылғы жылы бюджеттің шығыны – 11, 2 трлн. теңгені құраған. Табысы – 10,6 трлн. теңгені құрапты. Мұның 5 трлн. теңгесі салықтан түскен. Өзгесі трансферттер, жекешелендіру, займнан түскен табыс. Кіріске қарағанда, шығыс көп. Шығын көп. Соған қарамай шашылып жатыр үсті-үстіне.

Бүгінге дейін қанша зауыт іске қосылды? Солардың игілігін көрдік пе? Ұлттық экономикаға тырнақ ұшындай болсын үлес қосты ма солар?

«Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» сияқты алпауыт құрылымдарды әлдеқашан таратып жіберетін кез келді. Өз күнін өзі көрсін. Өздігінен жұмыс істеп, табыс тапсын. 

2000-шы жылдардың басында келер күннен үмітіміз болған. Тасмағамбетовтың тұсында экономикада өсудің, дамудың белгілері бар-тын. Ішкі жалпы өнім сол жылдары 13 пайызға өскен.

1999 жылғы экономика көрсеткішіне көз жүгіртсеңіз, сол жылғы әл-ауқатымызды арттыруға жеке кәсіпкерлердің көп үлес қосқанын (85 пайыз) көресіз. Қазір ше? Мемлекет экономиканы толықтай меншіктеп алған. Осы саладағы мемлекеттік сектордың үлесі 70 пайыз. Билік бірнәрсені қаперден шығарды. Мемлекеттен мықты кәсіпкер шықпайды.


Шетелдік инвесторларды елге шақырайық деп шырылдап жүргенімізге біраз болды. Ол инвестиция бүгін бар, ертең жоқ.

Бізге ел ішінен шыққан инвестор керек. Ол кім? Ол – орта тап. Экономикаға қажетті инвестицияның 80 пайызын осы орта тап құйып отыруы керек, тек 20 пайызын ғана шетелдіктердің үлесіне қалдыру қажет.

Бізде қалай? Бізде ақша жоқ. Халықта ақша жоқ. Орта тап деп атауға болатын топтың үлесі тым төмен. 


 Бұл бүгінгі жүйе үшін қауіпті, айналып келгенде. Кедей мемлекеттің саяси-экономикалық тұғыры тұрақсыз болады. Билік экономикадағы, әлеуметтік саладағы кезек күттірмес мәселелерді кейінге шегеріп үйреніп алды. Қазіргі қиыншылықтың бәрі соның салдары.

 Ықшамдап әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Фото: forbes.kz


Рекомендовать
Последние новости