МАЭК-тегі апат: кәсіпорын қызметкерлері екі ауысымда энергия блоктарын жөндеу жұмыстарын жүргізуде

Dalanews 15 авг. 2023 11:05 1008

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, ҚР Энергетика министрлігінің атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов №3 және ЖЭС (ТЭС) №1 энергоблоктарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда «МАЭК» кәсіпорнының қызметкерлері энергоблоктардың тоқтау себептерін жою үшін екі ауысымда үзіліссіз қызмет атқаруда, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Дәл қазір жөндеу зауыты және «МАЭК» ЖЭС-тің мамандарының бірлесуімен энергия блоктарындағы апаттың себептерін жою бойынша тәулік бойы толласыз жұмыс жүргізілуде.

– Біз №3 энергоблоктың қылшақ (щетка) аппаратын қалпына келтіру бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және №1 ЖЭС энергоблок қазандығының агрегатында жөндеу жұмыстары аяқталып қалды.

Қазандық қондырғысындағы жөндеу жұмыстарының соңғы кезеңіне келдік, қазір оң жақ тұшы бөлігіндегі шамамен 9 метр болатын құбырлар ауыстырылды.

Станция мен жөндеу зауытының қызметкерлері энергия блоктарын қалпына келтіруді жеделдету үшін қолдарынан келген барлық мүмкіндікті жасайды, жөндеу зауытының жұмысшылары екі ауысымда 08:00-ден 20:00-ге дейін және 20:00-ден 08:00-ге дейін жұмыс істейді, осылай үзіліссіз бірнеше бригада жұмыс атқаруда, – деді «МАЭК» ЖЭС бас инженері Сергей Раков.


Станцияны аралау барысында Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға нақты нұсқаулар беріп, энергия блоктарын қалпына келтіру бойынша жоспарланған жұмыстарды уақтылы және сапалы аяқтаудың маңыздылығын айтты.

– Облыс тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне бір ден бір әсер ететін ол МАЭК мекемесі. Өңіріміздің өндірістік әлеуетінің кеңейіп, энергетикалық жағынан қауіпсіз болуы осы маңызды кәсіпорынның кідіріссіз, тұрақты жұмыс істеуіне байланысты. Орын алған апатты сапалы, тез қалпына келтіру қажет.

Сонымен қатар, осындай жағдай орын алмас үшін алдын ала болжамдар жасап, бекітілген кестеге сәйкес құрылғыларға жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Негізгі міндет – энергиямен жабдықтаудың тұрақты және сенімді көзін қамтамасыз ету. Жабдықтарлың қазіргі жай-күйі мен олардың тозуын, резервтік қуаттың жоқтығын ескере отырып, бұл оңай іс емес екенін түсінеміз. Осы тұрғыда атқарылып жатқан еңбек үшін «МАЭК» ұжымына алғысымды білдіре отырып, оның қызметкерлеріне туындаған апаттарды жедел жоюда барынша күш салғанын айтқым келеді, – деді Нұрлан Ноғаев.

Естеріңізге сала кетейік, Маңғыстауда аптаның соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес электр қуатын пайдалану уақытша шектелген. Бұл апатты жағдайда тұрған №3 энергия блогындағы жөндеулерге және «МАЭК» энергетикалық кешеніндегі №1 ЖЭС энергия блогының жұмысын уақытша тоқтатуға байланысты.

 

Рекомендовать
Последние новости