ЛИДЕРЛІК ҚАСИЕТ ПЕН ҚАБІЛЕТТІҢ ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ МАҢЫЗЫ

Dalanews 06 дек. 2023 05:38 2281

Біздің өмір сүріп жатқан кезеңіміз жаһандану процесі мен бәсекелестіктің нағыз қызып тұрған уақыты. Жер бетіндегі саналы адам атаулының бәрі белгілі бір мансапты, атақты, дәрежені, лауазымды көздейді. Алайда бар адам мақсатына жетеді деп айта алмаймыз. Көп ішінде суырылып алға шығу үшін индивидтің бойында «лидерлік қабілеттің» болуы шарт. Лидерлік қабілет адамдардың бәрінде тең дәрежеде кездеседі деп айта алмаймыз. Әр адамның психологиялық, мінез-құлық, таным-түсінік, өскен ортасына қарай қабілетінің де қарқыны аңғарылады. Кей адамдар туа бітті лидер болса, енді бір адамдар топ ішінде ерекшеленбей, жайлы өмір сүруді қалайды. Бірақ бұл лидерлік қабілетпен туылған адамдар ғана лидер бола алады деген сөз емес. Бойыңыздағы лидерлік қабілетті жаттықтыру арқылы да лидер бола аласыз. Лидерлік қабілеттің маңызы мен өмірімізге әсерін көп адам назарға ала бермейді. Бізге «лидерлік қабілеттің» маңызын түсіндірген әл- Фараби атындағы ҚазҰУ- ті қабырғасындағы ұстазымыз, психология ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Н.С.Жұбаназарова. «Басқару психологиясы» пәнінде апайымыз басқарудың түрлері, тиімді әдіс-тәсілдерін, адам бойындағы лидерлік қабілет секілді көп қабілеттердің мән-маңызын жақсылап түсіндірді. Аз уақыт ішінде аталған пәннен көп құнды ақпараттар жинадық.
Психология, философия тарихында болсын лидерлікке берілген анықтамалар өте көп. Солардың ішіндегі өміршеңдігін жоймаған Батыс Мичиган университетінің құрметті профессоры Питер Г. Нортхаустың «Көшбасшылық теория және практика» атты еңбегіндегі мына анықтама: «Көшбасшылық – бір адамның ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бір топ адамға ықпал ету процесі». Анықтамадан аңғаратынымыз көшбасшылық процесс. Егер ол процесс болса демек кез келген тұлға көшбасшы бола алады деген сөз. Сондай-ақ ғалым көшбасшының бойында төмендегідей мінез-құлық болуы керек деп ойлайды: ықпал ету мінез-құлық моделі; нұсқау берушілік мінез-құлық моделі; қолдау көрсетуші мінез-құлық моделі. Кейінгі зерттеулерде лидердің, яғни көшбасшының бойында мынадай қабілеттердің болуы керектігін көрсетеді: Ұжымды соңынан ергізе алу; Басқаларға әсер ету; Жағдаятты басқару; Мақсатты қою, қабылдау; Мақсатқа ұжыммен бірге жету. Бір қарағанда, жоғарыда көрсетілген қабілеттер мен мінез-құлықтар қиын көрінбеуі мүмкін. Бірақ бұл – үлкен жауапкершілік. Егер адам өмірінде белгілі бір маңызды мақсаттарға қол жеткізгісі келсе онда, көшбасшылық қабілеттерін дамытқаны абзал. Себебі цифрлы технологияның дамыған заманында адам өз бойындағы осындай көшбасшылық, одан өзге де ерекше қабілеттерін жетілдіріп отырмаса, онда көп ішіне жұтылып кетеді. Дүниеге кірпіш болып қалану үшін, тұтас, мықты, кірпішке айналу керек. Бойына көшбасшылық қабілеттер мен мінез-құлық ерекшеліктерін жинаған адам жерде қалмасы анық.

Жубаназарова Н.С.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
психология ғылымдарының кандидаты, профессор.
Далдабай Ә.Д., Асанова С. Қ.
Әл-Фараби атындағы қазақ Ұлттық университетінің
Қолданбалы қазақ тіл білімі мамандығының
1-курс магистранттары


Рекомендовать
Последние новости