Ли Куан Юдың ойлары

Dalanews 12 июн. 2017 09:03 1278

Еңбек демалысым аяқталды. Демалыста осы кітапты салған едім. Қазақша оқығымыз келеді деген өтініш тілектер болған еді. Шама келгенше қызықты жерлерін қазақша конспектіледім. Оқып көріңіздер.

Ли Куан Ю. «Әлем болашағына менің көзқарасым»

Ұлы реформатордың өмірінің соңында әзірлеген бұл еңбегі футурологиялық сипатта жазылған. Яғни алдағы 20-30 жылдағы әлемдік өзгерістер туралы толғанады. Қытай, АҚШ, Европа, Жапония, Корея, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы елдеріне тереңірек тоқталған. Автордың өзі «Африка мен Латын Америкасы туралы тіпті ақпараттарды да оқымаймын. Себебі олар бізден тым қашықта жатыр» дейді.

ҚЫТАЙ

Бұл кітапта қамтылған барлық тараудағы мемлекеттер туралы айтқанда автор оларды Қытаймен тығыз байланыстырады. Қытайдың тұрақты дамуының жалғыз кепілі ретінде Ли Куан Ю «орталықтан күшті басқаруды» атап өткен. «5000 жыл бойы қытайлар ішкі және сыртқы қауіпсіздігінің кепілі – күшті орталық деп түсініп келеді. Әлсіз орталық хаосқа әкеледі. Күшті орталық қана елді тұрақты дамыта алады. Бұл әрбір қытайдың санасына сіңіп кеткен» дейді. Автор Қытай тек экономикалық тұрғыда ғана өзгермегенін, сонымен қатар елдің саяси сипаты да өзгеріп келе жатқанын тілге тиек етеді. Мысалы, Мао Цзэдун мен Дэн Сяопин өздеріне мұрагер таңдай алса, ішкі саяси ахуал Ху Цзиньтаоға ондай мүмкіндік бермеді...

1978 жылы Дэн Сяопин Сингапурда іс-сапармен болады. Табиғи ресурстары жоқ арал қаланың тұрғындарының қаншалықты жақсы өмір сүріп жатқанын көрген Дэн Сяопин өте терең сұрақтар қояды. Осы кездесуде «біз бір бұрышта ешбір табиғи ресурстарсыз жатқан елміз. Сіздің мүмкіндіктеріңіз бізден де орасанү Бізден де асып түсулеріңізге мүмкіндіктеріңіз бар» деген Ли Куан Юдің әңгімесін басқа тақырыпқа бұрып жіберген екен Дэн Сяопин.
«Дамудың өзегі экономиканың ашықтығы екенін түсінген Қытай лидері осы сапарынан кейін, сингапурлік модель негізінде 6 ерекше экономикалық аймақ құрған. Осы аймақ тұтас Қытайды әлемге ашты дейді. Сосын Дүниежүзілік сауда ұйымына енген.

Мен 2015 жылы Қытай еліне барғанымда Шэньжень деген қаласында болдым. 1980 жылға дейін балықшылардың ауылы болған елді мекен бүгінде адам танымастай өзгерген. Қазір Гонконг, Сингапур стиліндегі алып шаһар. 16 млн халық тұрады. Ақпараттық технологияларды осы қалада дамытып отырған Қытайдың ZTE компаниясының бас ғимаратында болған едік. Міне, осы Шэньжень Дэн Сяопин құрған экономикалық зоналарға енген болатын.

Гарри Ли былай деп жазады: «Бірде Дэн Сяопин өзінің министрін бізге жіберіп, сингапурлік заңдарды сұратты. Мен оларға «сіздер мұндай заңды қабылдап, оны жүзеге асыру үшін сот билігін күшейтулеріңіз керек» дедім. Алайда айтқанынан қайтпаған министрге заңдарымызды бердік. Бірақ оны Қытай жүзеге асыра алмады. Себебі, оларда заң салтанат құрмаған. У них существует верховенство правителя. Что паравитель говорит, то и закон».
Ли Куан Ю өзі билік құрған ғасырдың ең ұлы саяси тұлғасы ретінде Дэн Сяопинді атайды. Айтпақшы бұл екі тұлға да қытайдың Хакка деген субэтносынан тарайды. Бірақ бұл екеуі де туғаны жоқ тура билер ғой...

Си Цзинпин екеуі еретеректе кездескен екен. Қытайдың қазіргі төрағасын аналитикалық ойлау қабілетке ие адам ретінде суреттейді. Автор Қытайдың экономикалық жылдам өсімі белгілі бір уақыт арзан жұмыс күшінің арқасында жалғасатынын жазады. Осы арзан күші елдің 15-20 жыл бойына
7-9% өсімін қамтамасыз ете алады. Одан әрі қарай еңбек өнімділігіне байланысты болмақ.

Қытайдың саяси жүйесі тамыр-таныстыққа негізделген. Оны жою мүмкін емес, себебі олардың саяси мәдениеті ғасырлар бойы солай қалыптасқан. Тіпті Қытайдың алғыр студенттері Батыстың іргелі оқу орындарында оқып жатса да, олар бұл жүйені өзгерте алмайды. Неге? Себебі олар оқу бітіріп келген соң төменгі қызметтен бастайды. Ал олар басшы болғанша жүйе әбден езгілеп тастайды да, өзінің бұрынғы басшысы сияқты болады да қалады.

АҚШ

Америкалықтардың Сингапур экономикасына қатысу қарқыны көңілінен шығатынын айтқан автор бірде мынадай оқиғамен бетпе бет келгенін жазады.
«2009 жылы сөйлеген сөздерімнің бірінде Қытаймен тепе-теңдік сақтау керек дедім. Мұндағы «тепе-теңдік» сөзін қытайлар «шектеу» деп түсініпті. Интернетте қытай бола тұра солай айта ма екен деп мені жаппай қаралады. Менің байқағаным, гиперсезімтал ұрпақ өсіп келе жатыр екен. Белгілі бір уақыттан соң олар билікке келеді...»

Америкалықтардың жаңа буыны автомобиль, басқа да тауарларды өндіруді емес, интеллектуалды ақыл-ой өнімдерін шығаруға бет бұрғанын баяндайды.
Әскери қуаты жағынан бұл ел әзірге ешкімге дес бермейтінін айтқан Ли Куан Ю Қытайдың әскери бюджеті АҚШ әскери бюджетінің 1/6 ғана екенін ескертіп өтеді.

ЕВРОПА

Европаның әрбір елі өзінің тілімен, мәдениетімен, өркениетімен, экономикасымен мақтана алады. Бірақ осы құндылықтардың өзіндік кедергілері бар дейді Гарри Ли. Оның айтуынша, Европаның интеграцияға ниеттенгені рас болса, ортақ қорғаныс министрлігі, ортақ қаржы министрлігі және ортақ сыртқы істер министрлігін құрмайынша интеграция кешеуілдей бермек. Бірақ оған консерватор ұлттардың құндылықтары кедергі. Европалық Одаққа мүше 17 мемлекеттің ғана евроны пайдалануы құрлықтағы ауызбіршіліктің деңгейін көрсетеді. Интеграцияның тағы бір негізгі факторы – тіл. Наполеон да, Гитлер де (жаулағысы келсе де) Европаны біріктіргісі келді. Алайда, неміс тілін мойындағысы келмейтін француздар оған мойынсұнбайды. Әлемдік тілге айналса да еуропалықтар ағылшын тілін пайдаланғысы келмейді. Бұл өз кезегінде шашыраңқылыққа әкеледі. Европаның кәсіподақтары мен социалистік партиялары ұлт санасына, әсіресе жастарға өте жаман нәрсені сіңіріп тастаған. Мемлекет бәрін қамтамасыз ету керек. Бұл өз кезегінде тұтас бір буынның кержалқаулығына әкелді. Европа біртұтас елге айналмаса, құрлықты қиын кезеңдер күтіп тұр дейді. Мысалы,2011 жылы Швецияда жұмыссыздар 7,5% болса, Италияның жұмыссыздары халықтың 8,4% құраған. Бұл көрсеткіш Жапонияда 4,6%, Оңт.Кореяда 3,4%, ал Сингапурда 2 процент болған екен.

ЖАПОНИЯ

Бұл елдің алдында үлкен бір мәселе тұр. Ол – демография. Ұлт қартайып барады. Туу көрсеткіші 1,39 коэффициентке дейін түсіп кеткен. Қарапайым өсім үшін туу көрсеткіші бір әйелге 2,1 балаға келу керек.
Жапония басшысы болсам, иммигранттар тартатын едім дейді автор. Бірақ бұл ұлттың өзгені сіңірмейтінін де атап өтеді. Мысалы күншығыс елінде түрі де, діні де, тіпті тілі де бірдей боп кеткен 566 мың корей, 687 мың қытай тұрады. Бірақ жапондар оларды қабылдамайды.
1920 жылдары жапон ұлтының өкілдері Бразилияның кофе плантацияларынан жұмыс іздеп, өзге құрлыққа қоныс аударған. Никкейдзин аталатын Латын Американың жапондары 1980 жылдары тарихи отанына оралады. Сол көштен 30 жылдан кейін, яғни 2009 жылғы дағдарыс кезінде үкімет никкейдзиндерге бір реттік жәрдемақы ұсынып, Бразилияға қайта көшуді ұсынған...
Қазіргі кезде Жапониядағы шетелдіктердің үлесі – 1,2%. Бұл көрсеткіш – Ұлыбританияда 6%, Германияда 8 %, Испанияда 10%.

Ұлттың тағдыры демографияға байланысты. Егер халық саны азайса, күш те азаяды. Кәрі адамдар жаңа автомобиль сатып алмайды, жаңа телевизор алғысы келмейді. Жаңа киімге қызықпайды, спорттық ойындар ойнамайды. Өзінің ас бөлмесін ешбір ресторанға айырбастамайды. Яғни, елде қарттардың үлес салмағы артқанда жастарға көп ауыртпалық түседі. Олар 4-5 адам үшін жұмыс істеп, шығарған өнімін ештеңеге қызықпайтын кәрі адамдар сатып алмаса, ішкі тұтыну төмендеп, еңбек шығыны өтелмейді.

Жарқын ТҮСІПБЕКҰЛЫНЫҢ парақшасынан алынды

Рекомендовать
Последние новости