LRT қаржысын жымқырды деген Қанат Сұлтанбек Нью-Йоркте тойда жүр

Dalanews 07 июн. 2022 12:50 852

Astana LRT қылмысының басты фигуранттарының бірі, халықаралық іздеу жарияланған Қанат Сұлтанбек өткен демалыс күндері Нью-Йорктің қымбат ауданында дүркіреген тойда жүргені видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оған дәлел ретінде Қанат Сұлтанбектің заңды әйелі Шолпан Сергейқызының әлеуметтік желіде жариялаған мына видеоларын көруге болады.

«Біз қайда бара жатырмыз, тауып алыңыздар», - деген Шолпан Сергейқызы көп ұзамай америкалық жұптың тойынан үзінді көрсете бастады.

Сондай шағын видеолардың бірінде әдемі киінген, жүзіне күлкі ұялаған, америкалық таныстарының жанында той тойлап жүрген Қанат Сұлтанбек те жүр.

«Мен сіздерді видеоға түсіріп тұрмын» дейді Шолпан Сергейқызы Сұлтанбекті көрсетіп.

Алайда Сұлтанбек әйелінің Instagram-дағы Stories-тарынан бірнеше сәтке жылт етті де жоқ болды.

Жалпы, Astana-LRT құрылысына бөлінген қаражатты жымқырған Қанат Сұлтанбектің АҚШ-та жүргенін осыған дейін бір емес, бірнеше рет жазған едік. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қазіргі төрағасы Олжас Бектеновтен осы ведомствода бірінші орынбасар қызметін атқарып жүргенінде Сұлтанбектің әйелі әлеуметтік желіде белсенді екенін, «осы арқылы іздеуде жүрген адамды ұстауға болмай ма?» деп те сұрағанбыз.

https://youtu.be/U5rOK9LTL1A

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Қанат Сұлтанбек расымен де АҚШ аумағында екенін растады. Алайда біздің құқық қорғау органдары оны елге экстрадициялау үшін бірнеше рет әрекет етсе де, Сұлтанбекті ұстай алмаған. Себебі АҚШ заңнамасына сәйкес, қызыл бюллетені бар адам көші-қон талаптарын бұзбаса, оны АҚШ аумағында жайдан-жай ұстап алуға болмайды. Оның үстіне, Қазақстан мен Америка арасында қылмыскерлерді беру туралы екіжақты келісім болмаған соң, Сұлтанбекті қолға түсіру процесі тіптен қиындаған.

Рекомендовать
Последние новости