"Күмәнді конверт": Ақтөбедегі шулы видеоға қатысты тергеу нәтижесі жарияланды

Қаракөз Амантай 14 февр. 2024 10:10 3640

Әлеуметтік желіде Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметкеріне конверт беріп жатқан сәтіндегі видео көпшіліктің талқысына түсіп, дау тудырған еді. Осы мәселеге байланысты тергеу нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл оқиғадан кейін "Ақтөбе" ӘКК Жаңа жыл мерекесіне орай кейбір қызметкерлеріне негізгі үстемақыдан бөлек, 2-3 жалақы көлемінде қосымша ақшалай сыйақы табыстады деген ақпарат тараған болатын.

Тексеру барысында видеодағы ер адамдардың “Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы” АҚ бірінші орынбасары мен Ақтөбе облысы әкімдігінің индустриялық-инновациялық даму басқармасының бұрынғы маманы екені анықталды.

"Осы факті негізінде тексеріс жүргізгенін хабарлаймыз. Тексеру барысында қызметкерлерден түсініктемелер алынды. Құзырет шегінде барлық мән-жай анықталды. Қорытынды нәтижесі бойынша барлық сыйлықақы еңбек заңнамасы аясында берілгені дәлелденді. Бұған дейін әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат расталмады, яғни шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Оның нәтижелері туралы қосымша хабарланады", - деді "Ақтөбе" ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Нарек Гегамян.

Еске салайық, аталмыш видео биыл қаңтар айында қызу талқыға түсті. Видеоны белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Заңгердің айтуынша, конвертте ақша болған. Осы жағдайға байланысты арнайы тексеріс жүргізілген болатын.


Рекомендовать
Последние новости