Кремль ықпалын арттыруда: Ресейлік алпауыт қазақстандық маңызды жобаға енді

Көркем Алдабергенова 19 апр. 2024 11:47 5535

Ресейлік СИБУР қазақстандық мұнай-химия жобасының құрамына енді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстанның батысында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc (KPI) компаниясына тиесілі полипропилен өндіру зауыты сәтті іске қосылды. Қазір бұл жобаның 40% акциясы ресейлік СИБУР компаниясына тиесілі. Тараптар арасындағы алғашқы келісімдерге 2022 жылы қол қойылғанымен барлық шартты талқылауға көп уақыт кеткен.

Петрохимия саласындағы ең ірі ресейлік өндіруші СИБУР бұл ынтымақтастықты аймақтағы ықпалын кеңейтуге мүмкіндік болады деп санайды. Зауыттың жоспарлы жылдық қуаты - Теңіз кен орнында өндірілетін пропаннан өндірілетін 500 мың тонна полипропилен.

KPI иелену схемасы мынандай: акцияның 49,5 пайызы қазақстандық «ҚазМұнайГазға» тиесілі, ал 40 пайызы СИБУРДА, 9,5 пайызы «Самрұқ-Қазына» қорына тиесілі болса, қалған 1 пайызы «АЛМЭКС» қазақстандық жеке компанияға тиесілі.

Сарапшылар пікірінше ресейлік компанияның отандық жобаға енуі белгілі көлемде қауіп-қатер туғызады, нақтырақ айтқанда Қазақстанның теріскей көршінің алдындағы тәуелділігін арттырып, экономиканың маңызды секторларын ресейлік инвестицияға байлап қоюы мүмкін. Бұл өз кезегінде Кремльдің аймақтағы саяси ықпалының еселеп артуына алып келеді.

Сонымен бірге СИБУР секілді ірі ойыншының ел экономикасына қаржы құюы өндірістік қуатты артырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетіне оң әсерін тигізуі мүмкін.

Дей тұрғанмен, Астананың алдында егемендікті сақтау мен экономикалық тиімділікті есепке алу дейтін ауыр дилемма тұр.

Бұл балансты сақтауда Бектенов үкіметінің қандай шешім қабылдайтыны маңызды, қалай болған күнде ұлттық мүддені қорғау осынау жобаны дамытудағы басты басымдықтың бірі болмақ.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Ресейден үсті-үстіне қарыз алып жатқанын жазған болатынбыз. Қазақстан қарызға белшеден батуда, соңғы бес жылда елдің сыртқы берешегі 4 миллиард долларға артқан. Ұлттық банктің дерегінше 2024 жылы елдің сыртқы қарызы 163 миллиард долларды құраған, бұл осыдан бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бірнеше миллиардқа көп. 

Қазақстанға ең көп несие берген ел – Нидерланд: 42,6 миллиард доллар. Дегенмен, Қазақстанның Ресейге алдындағы берешегі ерекше көзге түседі. Соңғы бес жылда Қазақстанның теріскей көршісіне қарызы 47,1 пайызға артып, 13 миллиард долларға жеткен. Бұл Мәскеудің Қазақстан экономикасындағы қаржылық ықпалы мен белсенділігін айтарлықтай күшейтіп отыр.

Ал Батыс елдерінің тарапынан несие берушілерінің қарыздары азая бастаған. Ұлыбритания мен АҚШ Қазақстанға қарыз беруді айтарлықтай азайтқан.

Осы өзгерістер аясында Азия Даму Банкі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы жобаларға белсенді қатысып жүр. Желтоқсан айында Азия Даму Банкі қаржылық басқаруды реформалауға 350 миллион доллар бөлсе, ал Дүниежүзілік банктің көмегімен ДДҰ пандемиямен күресу үшін 19 миллион доллар бөліп, пандемия қорының жобасын қолға алған.


Рекомендовать
Последние новости