"Көздеріне шел біткен, тоймайды": Сабильянов Даниал Ахметовке шүйлікті

Сағыныш Сардарова 05 мар. 2024 10:38 3402

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов "Уәде" бағдарламасында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы шенеуніктердің тойымсыздығын сынады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат кезінде бір облыс екіге бөлінгенде, бірнеше маңызды нысанның жұмысы бітпей қалғанын жеткізді.

"Шығыс Қазақстан облысынан Абай облысы бөлінген кезде көптеген бітпей қалған объектілер Абай облысында қалып қалды. Қаражат игеріліп кетті. Ол объектілер - елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жобалары, мектептер салу, жолдарды салу, әлі күнге дейін бітпей жатқандары бар. Үржар ауданы бойынша 7 ауылдың суы әлі біткен жоқ. 4-5 жыл болды, қаржыландырылып келе жатыр", - дейді ол.

Сонымен қатар, Сабильянов "бұл істе өңірді талай жыл басқарған Даниал Ахметовті жауапкершілікке тарту керек пе?" деген сауалға жауап берді.

"Аудан әкімі мен облыс әкімі жауапкершілікке тартылуы керек. Сол кезде аудан әкімі кім болды? Облыс әкімі, мысалы, Ахметов болды.

Кезінде Аягөз ауданына 2 жарым миллиард ақша бөлінген кезде жемқорлыққа қарсы агенттікке сауал жіберіп, басқа да құқық қорғау органдарына сауал жіберіп, тексертіп, оған қылмыстық іс қозғалып, ақша ұрланғаны, тиімсіз жұмсалғаны - бәрі анықталған болатын. Айналып келгенде әкім емес, сол әкімдікте істейтін Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы ғана үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол дұрыс емес. Мемлекеттің қаражаты да жоқ, сол қаражатқа салынған объекті де жоқ. Онда Аягөз қаласының суы, кәріз жүйесі болған. Одан кейін Қопа, Ай деген ауылдарға суға ақша бөлінген. Сол жұмыс әлі аяқталған жоқ. Өйткені қылмыстық іс кейін бітті. Қайта жобалық құжат жасалды, енді қайта қаржыландыруға 2024 жылға ақша бөлдік", - дейді Сабильянов.

Депутат өңірдегі шенеуніктердің тойымсыздығына шүйлікті.

"Көздеріне шел біткен, тоймайды, ала берсем деп ойлайды. Шығыс Қазақстанның азаматтары кімнің не алатынын, қай жерде қандай әкім қандай жобадан мүддесі бар екенін біледі. Оны айтып та, ұсынып та жатыр. Айналып келгенде сыбайлыс жемқорлық, бір-бірімен байланыс, құқық қорғау органдары да оларды қорғап шыға келеді", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ахметов "Қазақстан Республикасы жеңіл атлетика федерациясы" РҚҰ президенті болып тағайындалды.

Ол жуырда ғана Астанада жеңіл атлетикадан Әмин Тұяқов жүлдесіне арналған Astana Indoor Meet халықаралық турнирі аясында көзге түсіп қалған еді. Деректерге сүйенсек, экс-шенеунік жеңіл атлетика федерациясының президенті ретінде барған. Шығыс Қазақстанды тапжылмай 9 жыл басқарған экс-әкім осылай спортты тізгіндеуге ойысыпты.


Рекомендовать
Последние новости