Короновирусқа байланысты "Нұр Отанның" отырысы өтпей қала ма?

Dalanews 12 мар. 2020 07:41 806

Бүгін президент жарлығымен коронавирус індетіне байланысты Қазақстандағы қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылды.




Мұны Твиттердегі парақшасында Тоқаевтың өзі жазды.

“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты пандемия деп жариялады. Үкімет арнайы алдын алу шараларын қолға алады. қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылады. азаматтар азық-түлікпен және ең қажетті тауарлармен үздіксіз қамтылады. Шағын және орта бизнес зардап шекпеуі тиіс” – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек Қазақстанда өткізілетін барлық спорттық шараларға шектеу қойылды.

Ал сауда орталықтары қалыпты жұмыс істейді, орталықтардағы кинотеатрлар жұмысын тоқтатады.

Келесі аптадан бастап оқушылар мен студенттер каникулға шығады (16 наурыздан 5 сәуірге дейін).


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирусты індет (пандемия) деп таныды.  11 наурыздағы жағдай бойынша әлемде жаңа коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың жалпы саны 114 елде 118 мың адамды құрады. 4291 науқас қайтыс болды.

“Қазақстанда әзірге коронавирус тіркелген жоқ. Барлық сақтық шараларын қабылдап, сақадай-сай отырмыз”, – деді осыған орай өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.

Бұдан бөлек ол биылғы Наурыз мерекесі коронавирусқа байланысты бұқаралық деңгейде тойланбайтынын айтты.


“Адамдардың үй-үйді аралап, бір-бірін мерекемен құттықтауына шектеу қоя алмаймыз. Әйтсе де биыл Наурыз мерекесін бұқаралық орындарда, оның ішінде адам қарасы көп жиналатын жерде тойлауға тыйым саламыз. Азаматтар өзін ғана емес, отбасын да ойлауы керек, қауіпсіздік басты орында”, – дейді Тоғжанов.

Коронавирусқа байланысты “Нұр Отан” Саяси кеңесінің отырысы өтпеуі мүмкін бе?


Бұдан бұрын Назарбаев партияның Саяси кеңесінің отырысы 18 наурызға белгіленгенін айтқан. Осы жиында “Нұр Отан” партиясынан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауалды партиялық тізімдеріне кандидаттар анықталады деп жоспарланған.

– Партия басшылығы, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары жергілікті жерлерді аралауға тиіс, соның ішінде, шалғай аудандарға баруы керек. Адамдармен кездесіп, проблемаларды жан-жақты зерделеу, оларды шешу маңызды. Бұл мәселелердің барлығы өңірлік партия бағдарламаларында көрініс табуы қажет, – деген болатын бұдан бұрын осы отырыстың күн тәртібін талқылаған Назарбаев.

Саясаткер Мұхтар Тайжанның пікірінше короновирус қаупіне байланысты “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесінің отырысын өткізбеу керек.  


“Біз ел тізгінін ұстаған асыл азаматтардың денсаулығына қатер төндіріп, басын бәйгеге тіккенін қаламаймыз. Қайдан білесіз, әлдебіреу осы отырысқа еніп кетіп, әдейілеп түшкіріп, жөтелуі әбден мүмкін…”, – дейді әзіл-шыны аралас Мұхтар Тайжан.

Қазіргі күні билеуші партияның 1 млн-ға тарта мүшесі бар. Партия төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев, оның бірінші орынбасары – Бауыржан Байбек.

Наурыздың 30-ы мен 16-шы мамыр аралығында елдің барлық өңірлеріндегі партия мүшелері жаппай іріктеледі. Осы арқылы саяси партия күрмеуі көп мәселелерді шешетін ең белсенді және сенімді мүшелерін таңдап алмақшы.

Назарбаев бұдан бұрын “Нұр Отанның” елге берген уәдесін орындайтынын айтқан.

Саяси бюроның құрамына мына азаматтар кіреді:


Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент;

Дариға Назарбаева, Сенат төрағасы;

Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы;

Асқар Мамин, Үкімет басшысы;

Бауыржан Байбек, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары;

Әсет Исекешев, президент уәзірі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы;

Марат Тәжин, Қазақстанның Чехиядағы елшісі;

Наталья Годунова, Есеп комитетінің төрағасы;

Дархан Қыдырәлі, “Егемен Қазақстан” газеті басқарма төрағасы;

Александр Павлов “Қазақстан Ұлттық банк” директорлар кеңесінің төрағасы;

Дәулет Кәрібек, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы.

 

Рекомендовать
Последние новости