Коронавирус белгісі табылғандарды бөліп есептеу тоқтатылды

Dalanews 01 июл. 2020 13:52 774

1 шілдеден бастап Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19 коронавирусын жұқтырғандарды «симптомы бар» және «ауру белгісі жоқ» деп екі бөлек санау әдісінен бас тартып, статистиканы біріктіріп жариялауға көшті.

Министрліктің сәрсенбі күні таңертең жариялаған дерегінше, 30 маусымда елде 1604 адамнан коронавирус анықталған. Бір тәулікте 550 адам дерттен жазылған. Өткен тәулікте қанша адам қайтыс болғаны туралы әлі ресми ақпарат жоқ. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41055 адам.

Билік вирус жұқтырғандарды вирус белгісінің бар-жоғына қарай «ауырғандар» және «тасымалдаушылар» деп екі бөлеу санауды 3 маусымда бастаған еді. Бірақ COVID-19 жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек «ауырғандарды» қосып отырды. Вирустың әлем бойынша тарауын зерттеп отырған ұйымдар мен институттар Қазақстанның ресми дерегіне сүйеніп, «ауырғандардың» санын вирус жұқтырғандардың жалпы саны ретінде көрсетіп отырды.

Кей сарапшылар «Қазақстан билігі мұны коронавирустың тарауын жағымды етіп көрсету үшін жасап отыр» деген пікір айтты.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ауру белгісі барлар мен жоқтарды бөлек санау «халықаралық тәжірибе» деген болатын. Азаттық министрліктен ондай тәжірибе қай елдерде қолданылатынын сұрады. Министрлік атынан түсініктеме берген Қазақстанның бас инфекционисі Динагүл Баешева «симптомы жоқтарды статистикаға қоспау әлемнің көп елінде, соның ішінде Швеция, Беларусь, Италияда бар» деген еді. Азаттық хабарласқан Швеция мен Италияның денсаулық сақтау министрліктері екі елде де вирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп бөлмей бірге есептейтінін мәлімдеді.

Ал Беларусь денсаулық сақтау министрлігінен Баешеваның айтқанына қатысты қандай да бір пікір алу мүмкін болмады. Кейбір сарапшылар коронавирусқа байланысты карантин жарияламаған, шекарасын жаппаған Беларусьтегі коронавирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандар санына қатысты көп күдік келтіреді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің бүгінгі дерегінше, 30 маусым күні елде 1604 адамнан коронавирус анықталды. Бір тәулікте 550 адам жазылып шықты. Қайтыс болғандардың саны әлі айтылмады. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны – 41 055.


Әлем елдерін вирус жұқтырған адамдардың санына қарай нөмірлеп отырған worldometers.info сайты Қазақстан дерегін әлі жаңартпады. Қазіргі дерек Қазақстанның осыған дейінгі әдісі бойынша саналған статистиканы көрсетіп тұр. Ол бойынша Қазақстан әлем елдері арасында 51-орында, ал жаңа мәліметке сүйенсек – 37-орында тұр.

18 маусымда Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтқан. Шенеунік бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен «инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған» деп түсіндірген. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне қайтыс болған адамдардан (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) коронавирус анықталған жағдайда оларды ресми статистикаға қосуды ұсынған.

Рекомендовать
Последние новости