Конституция күніне орай Алматы облысының әкімі Қонаев қаласындағы 85 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстады

Жарбол Кентұлы 29 авг. 2024 15:56 3099

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "Sun City" тұрғын үй кешенінде 85 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыс етті. Баспана 10 жылдан астам уақыт үй кезегінде тұрған отбасыларға берілді.


Пәтерлер Конституция күні қарсаңында қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана сатып алу бағдарламасы шеңберінде табысталды. Бұл пәтерлер "KazSMU" ЖШС жүзеге асырған 360 пәтерлі кешеннен сатып алынды.


Шараға Алматы облысының әкімі Марат Елеусізұлы қатысып, тұрғындарды құттықтады. Ол: "Тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы басымдық. Тұрғын үй мәселесіне қатысты жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Бұл сұрақ әрдайым жіті назарда болады", - деп ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баспана мәселесімен қамтуға баса назар аударған.

Осы бағытта Алматы облысында да белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы әлеуметтік осал топтарға арналған 1304 пәтерді сатып алу жоспарланған. Оның 55-і бүгінде сатып алынды. Облыс орталығында қосымша 145 пәтер сатып алынып, әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға беріледі. Жалпы, облыс бойынша 61 көппәтерлі тұрғын үй (1618 пәтер) құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 3 мыңға жуық облыс тұрғыны жаңа баспанаға ие болады деп күтілуде", - деді Марат Елеусізұлы.

Жаңа пәтерге ие болғандардың бірі - Анар Алмұратова. Күміс алқа иегері бес қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Ол он жылдан бері Қонаев қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді.

"Қонаевта тұрып жатқанымызға он жыл болды. 2012 жылы көшіп келдім. Әсерімді айта алмаймын, толқып тұрмын, қуаныштымын. Конституция күні қарсаңында үй беріп жатыр, балапандарымыз осы жерден сабаққа барады. Екі бөлмелі үй, 78 шаршы метр, іші үлкен", - деді Анар Алмұратова.

"Sun City" тұрғын үй кешені қаланың жайлы әрі қолайлы бөлігінде орналасқан. Ғимараттың құрылысы екі жыл бұрын басталып, биыл пайдалануға берілді. 12 қабатты нысанның ауласы толық абаттандырылған. Балаларға арналған спорттық, ойын-сауық алаңдары да орнатылыпты.

"Қонаев қаласында баспана кезегінде 1834 адам тұр. Олардың арасында көпбалалы аналар, соғыс ардагерлері, жетім балалар және мүгедектер бар. Жыл соңына дейін 165 пәтерді Үкімет тарапынан беру жоспарланып отыр", - деді Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов.


Рекомендовать
Последние новости