Кіші Талдыкөл? Бұл араға кәріз қалдықтары төгілген – Нұр-Сұлтан әкімдігі

Dalanews 08 сент. 2021 14:24 880

Ел астанасының бас жоспарына сәйкес, Елорданың шығысында орналасқан Талдыкөл көлінің бойында тұрғын үй салынады. Бұл көлдің флорасы мен фаунасына кері әсер етпей ме? 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көпшіліктің көңілін алаң қылған өзекті мәселенің ара-жігін ашып, Талдыкөлдің тағдырына қатысты ресми түсініктеме берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Елорданың сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары департаментінің басшысы Нұрлан Ұранхаев Талдыкөлді сөз еткенде көпшілік бұл жерді Кіші Талдыкөлмен жиі шатастыратынын қаперге салды.

“Қаланың сәулет стратегиясына сәйкес Талдыкөлді қуалай көпқабатты тұрғын үй бой көтереді. Әлбетте, тұрғын үй салынған жерде мектеп пен балабақша, аурухана және халыққа қажетті өзге де әлеуметтік нысандардың тұрғызылуы заңды.

Көлдің тағдырына алаңдап жатқан қауымға айтарым, көлдің өзіне тиіспейміз. Керісінше, оның жанына үй салып, сол маңайдағы инфрақұрылымды жетілдіреміз.


Кейбір табиғат жанашырлары сор батпақты лас суды тазартуды көлді құрту деп түсінетін секілді. Қайталап айтқаным артық болмас, көлді жойып жіберуді көздемейміз. Қайта оны лас батпақтан аршып, сақтап қалмақшымыз. Экология талаптары бойынша оның батпағы лас әрі зиян”, – деді Ұранхаев елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

...

Әзір Кіші Талдыкөлді зиянды заттардан тазарту мақсатында дайындық жұмысы жүріп жатыр.

Қоғам белсендісі, эколог Азаматхан Әміртайдың айтуында, Кіші Талдыкөл - әуелден батпақты жер. Кеңес үкіметі кезінде бұл араға кәріз қалдықтарын тастаған.

“Бұл мәселе маман көзімен қарар болсам, қаланың аумағында немесе оған жақын маңда қолқаны қабатын жағымсыз иісі бар нысан болмауы қажет. Бұған қатысты БҰҰ-ның арнайы стандарты қабылданған.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көлді сақтап қалудың амал-шарасын жасап жатыр. Тиісінше, тұрғын үйді тұрғызатын компанияға көлдің табанын тазартып, сақтап қалу талабын қойып отыр. Осы арада аумағы 20 гектарға жетіп жығылатын жасанды бассейн пайда болады. Бұдан сырт саябақ саламыз деп отыр.

Егер әкімдіктің сөзі мен ісі сәйкесіп, көл тазартылып, сақталып, мұндағы инфрақұрылым түзелсе, бұл осы көлдің келешегі үшін күрескен экологтардың жеңісі болар еді”, – деді осы орайда Азаматхан Әміртай.

 

Рекомендовать
Последние новости