"Келмесін!": Атышулы ресейлік рэпердің концертіне қазақстандықтар жаппай қарсылық танытуда

Қаракөз Амантай 14 февр. 2024 12:39 2532

Ресейлік рэпер OG Buda-ның гастрольдік сапары қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсіп, үлкен дау тудыруда. Алайда түрлі қарсылыққа қарамастан, әнші көктемде елімізге келіп, жеке концертін өткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жағдай протоиерей Александр Суворовтың ерекше назарын аударды. Оның  OG Buda-ның қоғамға қарсы мінез-құлықты насихаттауға байланысты концертін тоқтату туралы өтініші Алматы әкімдігіне жолданды.

Діни қызметкердің пікірінше, орындаушының ән мәтіндері мән-мағынасыз. Сол себепті ол мұндай туындалар жастардың сана-сезімін улап, теріс жолға итермелеуі мүмкін екенін айтып деп дабыл қағуда. 

"Біз рэпердің ән мәтіндеріне талдау жасадық. Осы тұста оның шығармашылығы мәдениетсіз негізде құралғанына көзіміз жетті. Қоғамға қарсы мінез-құлықты насихаттау бөлігінде мораль негіздеріне және қазақстандық заңнамаға қайшы келеді деген қорытындыға келдік. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 434-бабының диспозициясы қоғамдық орындарда балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілікті көздейді. Сол себепті бұдан моральдық қана емес, заңды сипаттағы мәселе де туындайды. Атап айтатын болсам, мұндағы есірткіні, алкогольді, зорлық-зомбылықты, мизогинияны, сексизмді, тұтынушылықты, балағат сөздерді насихаттау қоғамның рухани және мәдени құндылықтарына қайшы келеді. Ал бұл әншінің негізгі аудиториясы – жасөспірімдер", – делінген діни қызметкердің хабарламасында.

Қоғам белсенділері де мұндай орындаушылардың кешін өткізу мемлекеттің жастарды тәрбиелеудегі күш-жігеріне нұқсан келтіретінін атап өтті. Сонымен қатар әлеуметтік желіде ата-аналар тарапынан да шағымдар айтылуда. Олар "Қазақстанға келмесін!", "Балаларымыз үшін алаңдаймыз!", "Қарсымыз" деген тізбектегі пікір жазуда. 

Ендеше көптің талқысына түскен бұл мәселе әкімдік тарапынан өз шешімін табады деген үміттеміз. 

Еске салайық, рэпер 29 ақпанда Алматыда, ал 1 және 2 наурызда Қарағанды мен Астанада концерт өткізуді жоспарлап отыр. 


Рекомендовать
Последние новости