Детектор беріңдер: Қайрат Құдайберген "соңына дейін барамын" дейді

Қаракөз Амантай 12 февр. 2024 13:39 4949

Қайрат Құдайберген Қаңтар оқиғасына байланысты сұрақтарға детектор арқылы жауап беруді сұрап, сотқа тағы да ашық түрде өтініш білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қаласы мәслихатының бұрынғы депутаты әрі кәсіпекер Қайрат Құдайбергеннің Facebook парақшасында Қаңтар оқиғасына байланысты апелляциялық шағымы пайда болды. Мұнда ол сот үкімі шындықтың ақ-қарасын анықтау үшін полиграф қолданудан бас тартқанын мәлімдейді.

"Өйткені олардың жасыратыны бар. Ал менде жоқ. Мен тек шындыққа қол жеткізгім келеді. Бүгінде Президент Тоқаевты қаскөйлікпен алдап, жалған ақпарат беріп, өзінің қорқақтығын жасыру үшін оны бірнеше рет жаңылыстыруда", - дейді ол.  

Осы тұста ол жасамаған қылмысы үшін 10 жыл түрмеде отыруға дайын екенін де жеткізді.

"Ең бастысы – намысымды сатпадым және ешкімге жала жаппадым. Қорқынышқа да бой алдырмадым әрі жалған куәлік бермедім. Сол себепті еңсемді түсірмей, кез келген адамның көзіне тіке қарай аламын", - дейді Құдайберген. 

Сонымен қатар ол ешқашан еліне, әсіресе, халқына қарсы шықпайтынын, туған елі мен оның тәуелсіздігі үшін жанын беруге дайын екенін баса айтып, Қантар кезінде мұны сөзбен емес, іспен дәлелдегенін атап өтті.

"Халқыма әрқашан қиын-қыстау кезде көмек қолын создым. Су тасқыны, өрт, жер сілкінісі немесе пандемия сынды апат болған жерлерде әрдайым төбе көрсеттім. Қажет жерден табылдым" - дейді,  кәсіпкер.

Еске сала кетейік, Қайрат Құдайберген 2022 жылдың сәуірінде ұсталған еді. Тергеу желтоқсан айының соңында аяқталып, сот 2023 жылдың қыркүйегінде басталды. Процесс жабық форматта өтті. Қайрат Құдайбергенге Алматыда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылған болатын. Прокурорлардың айтуынша, Құдайберген А.Жұмагелдиевпен ("Дикий Арман") бірге "Қазақстан" қонақ үйінде адамдар жинауды ұйымдастырып, Арманның айналасына бірігуге, оны қолдауға және билікке бірыңғай талаптар ұсынуға шақырған. Сондай-ақ адамдарды 10 "ұяшықтар" бойынша бөліп және олардың топтарының ерекшеліктерінің белгісі ретінде қолдарына ақ таңғыштарды таңуға нұсқау бергені анықталған.


Рекомендовать
Последние новости