"Портретін сатып алған". Павлодар облысының әкімдігі Тоқаевтың ескертуін елемеуде

Көркем Алдабергенова 08 февр. 2024 11:27 2889

Павлодар облысы Ақсу қаласында Тоқаевтың портреті 43 448 теңгеге сатып алынған. Осылайша мемлекеттік сатып алу барысында 3104 теңге үнемделген. Себебі портреттің әуел бастағы құны 45 000 теңге болған, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Президенттің портретін сатып алу туралы мәлімет Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған болатын. Екі портретті "Ақсу қаласы мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесі сатып алған. 

Бастапқыда Тоқаевтың екі портретінің жалпы құны 90 мың теңге деп белгіленген.

Бір портреттің бағасы ұсыныстарға байланысты арзандап отырған.

Осылайша "Промстрой" атты ЖШС жеңіске жетіп, бір портрет 43 448 теңгеге бағаланған.

Нәтижесінде қалалық мәслихат Тоқаевтың портретін сатып алуға бөлінген мемлекет қаржысынан 3104 теңге үнемдеген. 

Бұған дейін Тоқаев мұндай пропаганда түріне қарсы екенін бірнеше рет айтқан болатын. 
 
"Күні кеше ғана Ақтауда менің суретім бейнеленген 10-нан астам билборд орнатылғанын естідім. Менің ойымша, бұл мүлдем орынсыз нәрсе. Маған мұндай үгіт-насихат қажет емес" – деген еді Тоқаев 2019 жылы Ақтау жұртшылығымен кездесуінде.
Сонымен қатар, сұхбаттарының бірінде жағымпаздыққа қарсы екенін ескерткен болатын. 
"Жағымпаздарға қатысты айтар болсақ, мен оған қарсымын. Мен мүлдем басқа ортада тәрбиелендім. Мақтау, мадақтау деген атымен болған жоқ. Ондайды қолпаштау туралы әңгіме айтудың өзі артық шығар. Олай ешқашан да болған емес. Дегенмен біздің зиялы қауымды өзгерту қиын. Олар - басқа жағдайда тәрбие алған жандар", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 
Алайда Ақсу қаласының мәслихаты мұны ескермеген көрінеді. 
Айта кетейік,президенттің жағымпаздыққа қарсы болғанына қарамастан портретін сатып алған мекемелер бұған дейін де болған. Мысалы былтыр Талғар жоғары медициналық колледжі және Павлодар облысы Аққулы ауданы әкімінің аппараты 17 және 28 мың теңгеге Тоқаевтың портретін сатып алған. Одан бөлек, былтыр қаңтарда БҚО-ның Шыңғырлау ауданының әкімінің аппараты президенттің 4 портретін 151 мың теңгеге сатып алған.  

Рекомендовать
Последние новости