KEGOC 2024 жылғы 9 ай бойынша қызмет нәтижелері туралы есебін жариялады

Жарбол Кентұлы 14 нояб. 2024 20:23 1184

Соңғы 9 айда Қазақстанда электр энергиясын өндіру көлемі 86,7 млрд кВтсағ деңгейінде қалыптасты. 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндіру көлемі 4,2 млрд кВтсағатқа, яғни 5,1%-ға өсті. Тұтыну көрсеткіші 87,7 млрд кВтсағ құрады, яғни 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 3,3 млрд кВт/сағатқа немесе 4%-ға жоғары.

Қазақстан БЭЖ-інің жекелеген энергетикалық аймақтары бойынша елдегі тұтыну өсімі төмендегідей бөлінді:

- Батыс аймақ (Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары) – 10,4%;

- Оңтүстік аймақ (Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары) – 4,3%;

‒ Солтүстік аймақ (Ұлытау, Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстары) – 2,4%.

ҰЭТ арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша қызметтер көлемі 13,4 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден 57%-ға төмен. Бұл электр энергиясын Бірыңғай сатып алушының жаңа моделі мен ҰЭТ пайдалану жөніндегі жаңа қызмет енгізілгеннен кейін ҚР көтерме сауда нарығы субъектілеріне электр энергиясын жеткізу көлемінің төмендеуімен байланысты.

ҰЭТ пайдалану бойынша қызметтер көлемі 54,8 млрд кВтсағ құрады.

Сондай-ақ, Қазақстан бойынша электр энергиясын өндіру-тұтынудың ұлғаюымен байланысты техникалық диспетчерлеу және теңгерімдеуді ұйымдастыру көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3,9% және 2,7%-ға өсіп, тиісінше 81,4 млрд кВтсағ және 155,1 млрд кВтсағ жетті.

Бұл ретте Ресейден электр энергиясы импортының айтарлықтай төмендеуі байқалады. 2024 жылғы 1 наурыз бен 30 қыркүйек аралығындағы импорт 2 562,3 млн кВтсағ құрады. Бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңінен 740,2 млн кВтсағ (3 302,5 млн кВтсағ) төмен.

Электр энергиясының импорты негізінен өндіруші электр станцияларын жоспарлы жөндеуден өткізу кезіндегі тапшылықты жабуға бағытталды және биыл наурыз айында ауыстырылған уақытқа қатысы жоқ.

2024 жылы Қазақстандағы электр станцияларының апаттық жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға төмендеді, ал авариялық жөндеулердің ұзақтығы 35%-ға қысқарды. Осыған қарамастан, станциялардың апаттық жағдайы сақталып отыр, бұл Ресей Федерациясының теңгерім нарығы есебінен жабылатын теңгерімсіздік көлемінің өсуіне әкеледі. Ресей Федерациясынан сатып алынған электр энергиясының орташа бағасы 2023 жылмен салыстырғанда биыл 10%-ға өсті.

Осыған байланысты «KEGOC» АҚ-ның Ресей энергожүйесімен шекарада Қазақстан энергожүйесінің ауытқуын реттеу мақсатында Ресей Федерациясынан электр энергиясын сатып алуға жұмсаған шығындары ұлғайды.

Компания көрсететін қызметтер көлемінің ұлғаюы қаржылық көрсеткіштердің өсуіне әсер етті. Компанияның операциялық пайдасы есепті кезеңде 59 млрд теңгені құрады, өсім – 59%-ды, таза пайда – 47 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңінен 18,4 млрд теңгеге немесе 64%-ға жоғары.

Жыл сайынғы жылыту маусымына дайындық аясында компанияда 122 электр желісі нысаны жөнделді, компания активтеріне қызмет көрсету үшін қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектердің апаттық қоры толықтырылды. 2024 жылғы 3 қазанда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті «KEGOC» АҚ-ға 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық паспортын берді.


Рекомендовать
Последние новости