"Казиноларға салықты батыл көтерейік!" - депутат Аймағамбетов

Сағыныш Сардарова 09 апр. 2025 13:59 613

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа Салық кодексіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бұл - жай сандар емес, адамдардың өмірі, тағдыры.

"Бұл - ұстаздар. Бұл - ата-аналар. Қазақша мультфильм мен кітап таппай, тикток көріп отырған балалар. Бұл - дәрі-дәрмекке зәру зейнеткерлер. Бұл - еміне үміттеніп отырған науқастар. Сондықтан бұл әңгіме салық туралы емес. Бұл - әділеттілік пен мемлекеттің неге басымдық беретінінің көрсеткіші", - деді ол.

Бұл бағытта депутат өз ұсыныстарын айтты:

  • Кітаптар мен баспаны қолдауымыз керек.

"Егер ҚҚС-ты төмендетпесек, кітаптар одан сайын қымбаттайды. Ал балалар тек YouTube пен TikTok көреді. Франция, Жапония сияқты елдерде кітапқа мүлде ҚҚС салынбайды немесе үлкен жеңілдіктер бар. Бұрын соғыс кезінде адамдар от ішінен кітапты алып шығатын. Ал біз қазір сол кітапқа салық салып отырмыз. Сондықтан кітап пен балаларға арналған баспа өнімдерінен ҚҚС-ты алып тастайық", - деді ол.

  • Театрлар, кітапханалар, мұражайлар мен қолөнер бизнес емес

"Бұл мекемелерді корпоративтік табыс салығынан босату қажет", - деді ол.

  • Емдеу мен дәрі-дәрмек: дұрыс қадам жасалды

"Рак, диабет, сирек кездесетін аурулар — Үкімет бұл мәселеде біздің ұсынысты қолдады. Бұл — мыңдаған отбасы сезінетін маңызды қадам. Бірақ одан басқа да маңызды аурулар мен дәрілер бар. Эпилепсия, психикалық бұзылыстар, инсульттан кейінгі қалпына келу — бұлар да өмір сапасын анықтайтын жағдайлар. Бұл — ауру. Ал ауруға салық салу — әділетсіз. Қазір 10% ҚҚС өмірлік маңызды дәрілерге де салынып отыр. Ал бұл дегеніміз: Көпбалалы отбасы үшін — минус азық-түлік, Инсульт алған қария үшін — минус реабилитация.

Егер біз денсаулық саласында гуманистік салық саясатын бастадық десек — соңына дейін баруымыз керек. Бір шындықты айту керек: ОСМС жүйесі ақсап тұр. ГОБМП пакетінің ауқымы тарылып барады. Халықтың 40%-ы емделуге өз қалтасынан төлейді", - деді депутат.

  • Трансжирге акциз керек

"Иә, көбіміз тәтті нәрселерді жақсы көреміз. Бірақ трансжир — үнсіз қауіп. Көп елде олар мүлде тыйым салынған. Рак, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, диабет — соның да салдары. Трансжирге акциз — қауіпсіздік белбеуі секілді. Бастапқыда ыңғайсыз. Бірақ қиын сәтте өмірді сақтап қалады", - деді Аймағамбетов.

  • Қазақша мультфильмдер аз, ал салық көп

"Бүгінде балалардың көбі басқа тілдегі TikTok пен Netflix ғана көреді. Мемлекеттік тілде контент аз. Неге? Біздің анимациялық студиялар әр кадр үшін ҚҚС төлейді. Қазақша мультфильм шығару қымбат. Оңтүстік Корея, Польша, Франция өз анимациясын қорғайды. Бізге де сол қажет", - деді ол.

  • Казиноларға салықты батыл көтерейік!

"Мұнда ешқандай дау жоқ. 20%, 30%, 50% дейін көтеруге болады. Өйткені әрбір ұтылған ставка — бір отбасының үміті. Бұл — бизнес емес. Бұл — үмітті жұтатын индустрия", - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, бұл ұсыныстар жеңілдік емес, әділеттілік.

"Салық жүйесі мұқтажға демеу болуға тиіс. Смартфон кітаптан арзан болмауы керек. Энергетикалық сусын судан арзан болмауы керек", - деп түйіндеді ол.


Рекомендовать
Последние новости