Каспийді зерттейтін институт құрылады

Dalanews 01 нояб. 2023 09:04 1040

Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті қаулының жобасын әзірледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Институт Каспий теңізінің экологиялық және су деңгейінің төмендеу мәселелерін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, ихтиофаунаны, акваториясы мен Каспий жағалауын зерттейтін болады.

Сондай-ақ, Каспий бойынша шекаралас мемлекеттердегі әріптестермен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізеді.

Институт Каспий теңізі экожүйесінің барлық бағыттары бойынша объективті және тәуелсіз ақпарат жинақтайды.


Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді іс-шаралар қабылдауы үшін негіз болады. Сонымен қатар, ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы кешенді іс-шаралар қабылдау үшін Маңғыстау облысында Каспийді зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды. Институт құру – мәселені жан–жақты зерделеуге, ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік береді, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Рекомендовать
Последние новости