Араққа сылқия тойып, көлік айдаған Бекетаевты Самат Әбіш қалай құтқарып қалды

Dalanews 01 нояб. 2023 09:56 1602

Бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев ұсталды. 21 қазан күні ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің ұсталғанын хабарлап, аты-жөнін атамаған. Екі күннен кейін оның Марат Бекетаев екені расталды.                                                                                  

«Ол талап етілмейтін қызметке жыл сайынғы келісімшарт жасау арқылы үлестес компанияның мүддесін қорғап, мемлекетке үлкен зиян келтірді. Активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды», – деп мәлімдеді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Әлібек.

Әуелгіде куәгер ретінде, кейіннен күдікті ретінде ұзақ уақыт бойы тергеуде болған Марат Бақытжанұлы елден кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүрген.  БАҚ оның әуежайға жасырынып келіп, «Астана-Ыстамбұл-Лондон» бағытында билет сатып алмақшы болған әрекеті кезінде тұтылғанын  хабарлады.

...

«Болашақ» бағдарламасының түлегі М.Бекетаевтың билік басында үнемі ықпалды тұлғаларға жақын жүргені жиі айтылады. Ол үкімет мүшелігіне 2006 жылы кіріп, мансабы жылдам өскендердің бірі.



Сол жылы 29 жасында вице-премьердің (Кәрім Мәсімов) кеңесшісі қызметіне тағайындалып, тура бір жылдан соң К.Мәсімов ҚР Премьер-министрі болғанда кеңесші ретінде қызметі бірге көтерілген. Көп ұзамай Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалып, бұл лауазымда 2007-2010 жылдар аралығында болды.

Бекетаевтың жеке басына қатысты алғашқы шулы оқиға да осы қызметте жүрген кезінде жария болды.

Оның 2009 жылы маусым айында Астана қаласының Бейбітшілік көшесінің бойында түнгі сағат 02.00-лер шамасында «Тойота-Камри» автокөлігін мас күйінде жүргізіп, жол инспекторларына бағынбай бірнеше бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен әрекеті ертеңіне-ақ ақпарат көздері арқылы тараған.  


Алайда, бұл ақпаратты Астана қаласы жол полициясы басқармасының сол уақыттағы бастығы Бақыткелді Айхымбеков өз аузымен айтып, жол ережесін бұзған лауазымды тұлғаның атын атап, түсін түстеп көрсеткенімен іс «жабулы қазан» күйінде қалды.

Прокуратура отклонила протест ДВД Астаны по делу вице-министра Бекетаева,  которого подозревали в езде в пьяном виде | КТК

Бекетаев бұл жолы жазадан бұлтарып, «таза» күйінде құтылып кетті. Әділет министрілігі өкілінің «әділетсіз ісі» осылайша ел есінде қалған болатын.  Айта кетейік, 2009 жылғы заңнама бойынша көлікті мас күйінде тізгіндеуші азаматты сот екі жылға көлік жүргізу құқығынан шектей алатын, бүгінде ол заң қатаңдатылған, жүргізу құқығынан айыру мерзімі – 7 жыл.

...

Ашық дерек көздерде Марат Бекетаевтың Самат Әбішпен жақын достығы туралы да көп жазылды. Екеуінің қаншалықты жан қиыспас жолдас  болғандығын кім білсін.

Дегенмен, қызмет жолында бірге істес болғаны анық. Мәселен, Бекетаев ҚР Әділет вице-министрі қызметі лауазымында жүрген кезде Самат Әбіш осы министрліктің жауапты хатшысы (2008-2010 ж.ж.) қызметін атқарған.

Жоғарыда жазылған аты шулы оқиға да осы кезде орын алған-ды. 2010 жылы Самат Әбіштің қызметі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ауысқан кезде оның орнын (Әділет министрлігінің жауапты хатшысы) Марат Бекетаев басады.

DALA INSIDE телеграм арнасы "бұл іске Назарбаевтың немере інісі тікелей араласқан..." деген болжам айтады.

Ол уақыттары министрліктердегі жауапты хатшылардың дәрежесі мен ықпалы аса жоғары болатын. Бұл лауазымда Марат Бақытжанұлы  2015 жылға дейін отырды.

2015 жылдың желтоқсанында ол ҚР Президенті әкімшілігі басшысының (Н.Нығматуллин 2014-2016 ж.ж.) орынбасары қызметіне тағайындалды.

Ал, 2016 жылдың 13 қыркүйегінде Әділет министрі лауазымына келіп, 2022 жылғы қаңтар оқиғасына дейін алты жылдай министр қызметін атқарды. Қаңтардың дүмпуінен кейін министр орынтағын босатқанымен, премьер-министрге кеңесшілік қызметке қалдырылған-ды.

...

Марат Бекетаевқа қатысты даулы мәселенің және бірі – әкелі,балалы бизнесмендер Анатол және Габриэль Статилерге қатысты іс.

CentralAsia: Молдавский бизнесмен Стати отозвал свой иск против Казахстана  в Нью-Йорке

Молдоваиялық олигархтардың есімі қазақстандықтарға көптен таныс. 1990 жылдары Қазақстанға келіп, мұнай-газ кен орындарын игеруге кіріскен кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс 2008 жылы басталды.

Қадағалаушы органдар Статидің иелігіндегі офшоршылық компания Tristan Oil Ltd  мен Ascom Group компаниясына қарасты  Tolknynneftegaz  және Kazpolmunay кәсіпорындары Қазақстанның салық заңнамасын бұзғанын анықтаған.

Сол уақыттағы ресми мәліметте аталған кәсіпорынның мұнайгаз құбырын лицензиясыз пайдаланып, 21.67 млрд теңгені заңсыз тапқаны айтылды. Осы оқиғадан кейін  Kazpolmunay-дың директоры Сергей Корнегруц тұтқындалып, төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Статидің иелігіндегі «Толқын» және «Боранкөл» кен орындары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқаруына берілді.

Бір қызығы, бір жыл өткен соң қамаудағы Корнегурцтің жазасы жеңілдетіліп, Атыраудағы УГ-157/10 қоныс-колониясы мекемесіне жазасын шартты түрде өтеуге ауыстырылады.

Ал, ертесіне яғни 2010 жылдың 26 тамызында С.Корнегурцтің ұшаққа мініп Алматыға, ары қарай Ыстамбұл-Кишиневке кеткені мәлім болды. Әрине, бұл оқиғадан кейін қадағалаушы органдардың лауазымды тұлғаларының үстінен іс қозғалып,  біразы  қамалды.

Бірақ, «Стати ісі» мұнымен жабылған жоқ.  Анатол мен Габриэль Статилер «Қазақстанда бизнесімізді жоғалттық, соның өтеуін қайтаруымыз керек» деп халықаралық соттар мен құқық қорғау ұйымдарына шағымданып жүріп, 2013 жылдың 19 желтоқсанында  Стокгольм арбитраждық (төрелік) соты арқылы Қазақстан Ascom Group-қа  500 млн доллар төлеуі керек шешімді шығартып алады. Ал, Қазақстан тарапы апелляциялық сотта төрелік сот шешімнің күшін жоюға бастама көтерді.

Бұл кезде М.Бекетаев Әділет министрлігінде жауапты хатшы (2010-2015 ж.ж.) қызметін атқаратын. Яғни «Стати ісі» оған ертеден таныс. Десе де Марат Бекетаевтың бұл іспен шындап айналысқаны 2016 жылдан басталды, ол сол жылы Әділет министрі лауазымына тағайындалған.


Қазақстан үкіметі мен Стати арасындағы даулы сот ұзақ жылға жалғасып, созбаққа салынып келді. Молдовиялық олихарх Анатол Стати АҚШ, Швеция, Нидерланды, Бельгия, Люксембург мемлекеттерінің сот органдарына неше қайтара жүгініп, Қазақстанды «инвестициямды заңсыз тартып алды» деп айыптаса, ҚР Әділет министрілігі кәсіпкерді «алаяқтық жасады» деп кіналайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қазан айында Стати тарапы Бельгия сотының шешімі арқылы ҚР Ұлттық Банкінің 21,5 млрд долларға жуық шотын бұғаттап тастаған болатын. Бұл қордағы қаржының жартысына жуық (2014 жылы оның көлемі 77 млрд доллар болды) қаражат еді.

Оған қоса сол жылы қазан айында Статидің шағымы бойынша Амстердамның аймақтық соты  «KMG Kashagan B. V.» голландиялық компаниясындағы «Самұрық-Қазынаға» ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі 5,2 млрд доллар көлеміндегі акцияларға тыйым салды.



Дегенмен, 2018 жылдың 25 мамырында Қазақстан үкіметі мен ҚР Ұлттық банк апелляциялық шағым арқылы бұғаттаулы  21,5 миллиард доллар қаржыны босатып алуға қол жеткізді. Ал, «Самұрық-Қазынаға» тиесілі акциялар болашағы бертінге дейін күмәнді болып келді.

Айтпақшы, 2023 жылдың 25 қыркүйегінде ҚР Әділет министрлігі  оған қатысты жағымды жаңалық таратты. «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ Нидерланды Жоғарғы сотында сомасы 4 млрд АҚШ долларына тең «KMG Kashagan B.V.»-дағы акцияларына байланысты Анатол Стати, Габриэль Стати, Ascom S. A. және Terra Raf Trans Trading Ltd (Стати) қарсы іс жүргізуде түпкілікті жеңіске жетті»,– делінген министрлік таратқан ақпаратта. Алайда, ресми мәліметте жоғарыдағы 5,2 млрд доллардың қалайша 4 млрд долларға азайғаны туралы түсініктеме берілмеген.

Жалпы, Қазақстанның Статиге қарсы соттарда халықаралық сот органдарына осы уақытқа дейін қанша қаражат жұмсағаны жайлы нақты мәлімет жоқ.  Расталмаған кей деректерде сот тартысына кеткен қаржы 350 миллион доллардан жоғары екені айтылады.

Әділет министрі Марат Бекетаевтың өзі 2020 жылы желтоқсан айында журналистерге берген жауабында  молдовалық бизнесмендерге қарсы істің шығынын ашып айтпағанымен, жалпылама осындай халықаралық даулар мен іздестіру ісіне байланысты жылына шамамен 11-13 млрд теңге жұмсалатынын жеткізген.

Экс-министрді күдікті ретінде қамауға алудың бір себебі осы қаражаттың нақты көлеміне байланысты болуы да мүмкін.


...

Айтқандай, Анатол мен Габриэль Статилерді өзінің туған елі Молдовада жақсы атамайды. Габриел Стати 2009 жылы Молдовада наразылық акциясын ұйымдастырып, төңкеріс жасамақ болды деген айыппен ұсталып, бір жылға жазасын өтеп шыққан.

«Бір жоқ бір жоқты табады» демекші, Марат Бекетаевтың тергелуі 2008 жылдан бері шырмауықша созылған «Стати ісіндегі» былықтың да бетін ашып, біраз қылмысқа қатысты жіптің ұшын шығарары анық. Өйткені, 2009 жылы оған таңылған айып бойынша Стати иелігіндегі компания Маңғыстау жеріндегі мұнайгаз құбырын он жылдай «лицензиясыз пайдаланып келгені» айтылды емес пе?!

Қалай десек те елімізден сыртқа кеткен капиталды қайтару үдерісінің алдағы күндері ұсынар тосын сыйы көп болмақ.

Бауыржан БАЗАР


Рекомендовать
Последние новости