Маңғыстау облысының Каспий теңізі жағалауында балықтың жаппай қырылғаны анықталды. Бұл туралы өңірдің экология департаменті хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Форт-Шевченко қаласының Түпқараған ауданы аумағында теңіз жағалауынан табылған өлі балықтардың видеосы әлеуметтік желілерге жарияланды.
7 шілде күні оқиға орнына облыстық экология департаментінің зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің мамандары барды. Олар балық шаруашылығы басқармасының қызметкерлерімен бірге теңіз суынан сынамалар алды.
Экологтар зерттеу нәтижелерін қосымша хабарлайтынын айтты.
Еске сала кетейік, 1 мамыр күні Каспий жағалауынан 88 итбалықтың өлігі табылған болатын. Ал 9 мамырда Түпқараған ауданының тұрғындары тағы ондаған өлі итбалық пен құсты байқап, дабыл қаққан.
Мамыр айының соңында Форт-Шевченко қаласы маңындағы жағалауда екі күннің ішінде 117 өлі итбалық табылды. Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, бұл жануарлар 2024 жылдың қараша-желтоқсан айларында өлген.