Қайраттардан қайтарылған қаржы: Боранбаев пен Сатыбалдының капиталы қайда жұмсалуда?

Қаракөз Амантай 04 июл. 2025 11:35

Қазақстанда заңсыз иемделген активтер мен қаражатты мемлекетке қайтару үдерісі жүріп жатыр. 2023 жылдың шілде айында қабылданған арнайы заң аясында кейінгі бір жарым жылда елге құны триллион теңгеден асатын мүлік пен қаражат қайтарылған. Қазір аталған қаржының ел игілігіне қалай жұмсалып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Jibek Joly арнасы осы жайтқа қатысты шолу жасады.

Активтерді қайтару процесі екі бағытта жүзеге асады: ерікті және мәжбүрлі түрде. Қайтарылған активтердің ішінде тек қаражат емес, ірі кен орындары, теміржол және инфрақұрылым нысандары, әкімшілік ғимараттар, қымбат зергерлік бұйымдар, шетелдегі және ел ішіндегі элиталық жылжымайтын мүлік бар.

Журналист Оскар Желудинов қайтарылған активтерге қатысты атышулы істердің бірін мысалға келтірді. Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП бұрынғы басшысы Абылай Мырзахметов кәсіпкер Қайрат Боранбаевтан қылмыстық істі жабу үшін 90 миллион доллар пара сұраған. Нәтижесінде Мырзахметов ұсталып, 5,5 жылға сотталды. Ал Боранбаев өз кезегінде құны жүздеген миллион долларлық активтерін, компаниялары мен жылжымайтын мүлкін мемлекетке ерікті түрде қайтаруға мәжбүр болды.

Мұндай қадамға барған жалғыз Боранбаев емес. Қайрат Сатыбалды да мемлекетпен келісімге келіп, елге 1,5 миллиард доллардан астам активін өткізген. Оның ішінде 230 миллион долларға бағаланатын асыл тастар мен зергерлік бұйымдар бар.

Бас прокурордың орынбасары Ғабит Садырбеков кейінгі бір жарым жыл ішінде елге жалпы сомасы 1 триллион теңгеден астам активтер қайтарылғанын атап өтті.

"Қазірдің өзінде нақты 770 миллиард теңге ел бюджетіне түсті. Оның 667 миллиард теңгесі ақшалай түрде арнайы шоттарға аударылса, 103 миллиард теңгесі мүлік ретінде қайтарылд", – деді ол.

Садырбековтың айтуынша, кейбір азаматтар активтерді қайтарып қана қоймай, ел экономикасына қосымша инвестиция салуға да келіскен. Бүгінде жалпы көлемі 5,2 триллион теңге болатын инвестициялық келісімдерге қол қойылған. Бұл инвестициялар тау-кен, металлургия және энергетика салаларына бағытталмақ.

Сонымен қатар қайтарылған қаражаттың бір бөлігі – 120 миллиард теңге әлеуметтік маңызы бар жобаларға жұмсалып жатыр. Бұл қаражатқа елдің әр өңірінде мәдени-ағарту орталықтары, әлеуметтік мекемелер мен мұқтаж отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынады.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаштың айтуынша, қайтарылған барлық мүлік e-khozna порталы арқылы ашық аукциондар арқылы сатылады.

"Біздің мақсатымыз – қайтарылған активтерді мемлекет атынан қабылдап, нарықтағы ең тиімді бағамен сату. Аукционнан түскен қаражат арнайы мемлекеттік қорға аударылып, әлеуметтік мақсатта жұмсалады", – дейді ол.

Бас прокуратураның мәліметінше, бүгінге дейін Үкімет қайтарылған қаржы есебінен 330-ға жуық әлеуметтік жобаға 240 миллиард теңгеден астам қаржы бөлген.

"Қазіргі уақытта ауылды жерлерде 162 медициналық амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Бұдан бөлек, 159 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ететін нысандардың құрылысы қарқынды жүруде. Сондай-ақ, білім және спорт саласында да 12 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған", – дейді Бас прокурордың орынбасары.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов кейінгі екі жылда медицина саласына 97,7 миллиард теңге жұмсалғанын жеткізді.

"Президенттің тапсырмасына сәйкес ауыл медицинасы саласын жаңғырту жобасы қарқынды жүзеге асуда. 145 фельдшерлік пункт, дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттердің құрылысы басталды. Сонымен қатар, 32 аудандық аурухана жаңартылып, заманауи құрылғылармен жабдықталады", – деді вице-министр.

Қазірге дейін қайтарылған активтер халықтың нақты әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалып, көптеген маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға мүмкіндік беруде. Ал алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасып, ел экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытуға қосымша серпін бермек.

Айта кетейік, бұған дейін экономист Мақсат Халық елден шығарылған капиталдың тек 3%-ы ғана қайтарылғанын атап өткен еді.

Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан сыртқа шығарылған капиталдың көлемі шамамен 100 триллион теңгені құрайды.

"Алайда бүгінге дейін қайтарылған актив көлемі бар болғаны 3 триллион теңге, бұл жалпы соманың небәрі 3 пайызын ғана құрайды", - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, бұл көрсеткіш елден заңсыз шығарылған қаражатты қайтару процесінің өте баяу жүріп жатқанын көрсетеді. Оның сөзінше, шетел асқан активтерді елге қайтару үшін нақты әрі тиімді механизмдер қажет.


Рекомендовать
Последние новости