"Кальян, арақ және ақша...". Танымал боксшы отандық спорттағы коррупция туралы

Сағыныш Сардарова 10 апр. 2024 12:35 80890

Қазақстанда кейінгі жылдары спорттың жай-күйі жиі талқыланатын тақырыптар қатарында. Бұған Ұлттық олимпиада комитетін біраз жыл экс-президент Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың басқаруы да себеп болса керек. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Құлыбаевты "ойы - мұнай сатып, қалтасын толтыру, спортты қайтсін?!" деп ашық сынап тастады. Кейін комитетте үлкен ауыс-түйіс болды, десек те құрамда Ескі Қазақстанның өкілдері қылаң беріп қалды. Оған қоса кейінгі кезде жалпы спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше даулы оқиға болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше айдан бері спорт саласындағы шенеуніктер мен олар басқаратын құрылымдардың қызметіне тексеріс жүргізіп келеді. dw.com осы тақырыпта зерттеу жүргізіп көрген. Деректерге сүйенсек, 2024 жылдың басынан бастап елде бюджет қаражатын ұрлады деген күдікпен бес адам ұсталған. Оның ішінде кейбір шенеуніктер ұзақ мерзімге сотталып кеткен.

"Мемлекеттен субсидия алатын кейбір спорт мектептері мен клубтарында осыған байланысты шұғыл жиналыстар өткізілген. Ал мекеме басшылары өз қарамағындағылардан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлермен сөйлесу барысында оларға қарсы куәлік бермеуін сұрайды", - деп жазылған деректе.

Ең даулы оқиғалардың ішінде 117 мың еуроға жуық ұрлады деген күдікке ілінген Спортты дамыту дирекциясының басшысы Оралбай Жақсымбетов, 102 мың еуродан аса қаржы жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған Астананың Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту дирекциясының бұрынғы басшысы Бағдат Данияров та бар.

Сонымен қатар, қазір Үрімші қаласындағы (ҚХР) базарлардан Қазақстан құрамасының 2023 жылғы Азия ойындарында өнер көрсетуі үшін сапасыз киім сатып алу ісіне қатысты тергеу жүріп жатыр.

"Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша спортшыларға арналған жабдықты сатып алу кезінде "ойластырылған схеманы" пайдалану нәтижесінде Туризм және спорт министрлігі жанындағы спортты дамыту дирекциясының шенеуніктері мемлекетке 778 мың еуродан аса шығын келтірді", - деп келтірілген деректе.

Өткен айда мәдениет және спорт министрінің орынбасары, премьер-министрдің кеңесшісі лауазымдарын атқарған, оның үстіне елдің ең атақты футбол клубтарының бірі "Астана" директорлар кеңесінің төрағасы болған Ерлан Қожағапанов ұсталды. Оның нақты не үшін айыпталғаны әлі белгісіз, іс құпия саналады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәліметінше, Қожағапаров "ауыр сыбайлас жемқорлық жасады" деген күдікпен ұсталды.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша сот процестері тек жоғары деңгейдегі шенеуніктерді қамтыған жоқ: 12 наурызда Шымкентте 12 мың еуро сомасына іссапар құжаттарына қатысты алаяқтық жасады деп айыпталған жергілікті спорт мектептерінің жаттықтырушыларына үкім шықты. Процестің қатысушылары бір жылдан екі жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Басылым мәліметінше, мұндай процестер жақын арада көп болуы да мүмкін, өйткені шенеуніктердің айла-амалдары туралы танымал спортшылар да ашық айта бастаған.

Солардың бірі UBO World Champion және WBC International бойынша әйелдер боксында жеңіл салмақтағы белбеудің иегері Ангелина Лукас болды. 17 наурызда тележүргізуші Динара Сатжанның сұхбатында ол Қазақстан құрамасындағы кейбір жайттар туралы айтты.

"Неліктен Азия ойындарының алдында, Әлем чемпионаттарының алдында барлығы жиналып, кальян әкеліп, ішіп, шегеді? Бірақ бұл туралы ешқашан айтқан емеспін", - деді ол.

Сонымен қатар, Ангелина Лукас "этикалық себептер бойынша" Қазақстан құрамасынан шығарылғаннан кейін кәсіби боксқа ауысқан болатын. Ол қазақстандық спортшылардың табысы аз екенін де айтты, соның салдарынан оларды басқа елдердің өкілдері сатып алуға тырысып жатыр.

Ангелина Лукастың сөздерін АҚШ-та тұратын тағы бір спортшы Аида Сатыбалдинова растады. Ал жауаптылар Лукастың сынына ешқандай реакция жасаған жоқ.

Спорт комментаторы Александр Ляхов теннис турнирлерін, хоккей және футбол матчтерін үнемі жариялап отырады, ол мұндай жайттар бірінші рет емес екенін айтты.

Оның сөзінше, спорт саласындағы шенеуніктер тіпті Тоқаевтың қолдауымен балаларға тегін шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын ашуға бағытталған "ArtSport" бағдарламасына да қол салған.

"Жағдайды тек жоғарыдан бастап өзгертуге болады. Кәсіби спортты бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Бірақ мен тіпті мұны футболда да көрмеймін", - деді ол.

Танымал спорт журналисі Леонид Юрьев те осыған ұқсас пікірде.

"Қазақстандағы спорт - жылдар бойы үлкен қаржыны еш бақылаусыз сорып келе жатқан қара тесік. Егер мемлекеттің спортты дамытуға жұмсайтын жалпы шығынын алсақ, олар денсаулық сақтау мен білім беру шығындарынан сәл ғана аз", - дейді ол.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр желтоқсанда спорттағы сыбайлас жемқорлық мәмілелері туралы ақпарат жинау басталғанын жариялап, спортшыларды осы процеске белсенді қатысуға шақырды.

"Менің ойымша, бұл толық ойластырылмаған. Қазақстанда спорт бұрынғыдай әрі қаржылық жағынан ашық емес емес күйде қала береді. Спорт федерациялары есеп бермейді. Олар қоғамдық ұйымдар саналатындықтан, олардың қызметін мемлекетке тексеру қиынға соғады", - деді Юрьев.


Рекомендовать
Последние новости