“Как управлять казахами”: Баспагер Бақытжан мен миллионер Рақышевтің көздегені не?

Қаракөз Амантай 02 авг. 2024 14:25 11381

Белгілі журналист Диас Нұрақын Бақытжан Бұқарбайдың бастамасымен жарыққа шыққан “Как управлять казахами” атты кітапқа байланысты пікір білдіріп, туындының басы-қасында жүрген жауапты адамдар арнайы жазаға тартылуы керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сөзінше, кітапты танымал қазақстандық кәсіпкер қаржыландырған.

“Иә, иә “Как управлять казахами” деген кітап сатыла бастапты. Атауын оқығаннан-ақ ат тепкендей аңқиып қалдым. “Қазақтарды қалай басқаруға болады” деген кітап шығарып оны сату қай қояншықтың қауашағына келді екен?

Сөйтсем бізді басқаруды үйретіп жүрген Бақытжан Бұхарбай деген баспагер екен. Ал кітапты басып шығаруға қаржы бөлген Кеңес Рақышев көрінеді. Гламурный кітаптар шығаратын Бақытжан мен миллионер Рақышевтің көздегені не? Ескі Қазақстанның бай-бағландары бізді билеп төстегісі келеді ме? Бұл кітап бастауын сонау 1734 жылдан алады екен. Сол кезде Иван Кириллов деген І Петрдің өкілі жазған. Олар қазақтарды қалай басқарамыз, қалай бағындырамыз деген мақсатпен қазақ даласына келген.

Не де болса кітап авторлары жауапкершіліктерін түсініп, жазалануы керек және барлық кітаптарды сөрелерден алып тастауы керек деп санаймын”, - дейді БАҚ өкілі.

Айтуынша, мұндай әрекетке көз жұмып қарауға болмайды.

“Кітап авторы Бақытжан Бұхарбай әлеуметтік желісінде кітаптың аты айқайлап тұрғанымен, айтары басқа деп ақталыпты. Еш ақтап алуға болмайтын дүние бұл. Маркетингтің де жөні бар. Ақша табу үшін халықтың жанды жеріне тиісудің қажеті жоқ.

Бақытжан Бұқарбай кітапты шығарар кезде атауы халықтың реакциясын туғызатынын ескермеді деп есептемеймін. Керісінше, шу туғызып, қара пиар жасап, сол арқылы кітабын өткізіп алуды көздегені анық. Дені дұрыс адам өз халқын мансұқтайтын атау қоя ма? Әлде “Қазақты қалай басқару керек” деп кітап атауын қойып жатқанда ештеңе ойланбайтынбай соншалықты ақымақ па?

Меніңше, мұның бәрі надандық, шектен шығу. Ақшаның буына мастанып, халқыңды біреудің алдына жығып беру. Ертең қазақтар өздерін біреудің басқаруына дайындалып жүр екен деп басқалардың жетіп келмесіне ешкім кепіл емес”, - деп сөзін жалғады ол.

Осы тұста журналист белгілі баспагер Бақытжан Бұқарбайды барлық лицензиясынан айыруды ұсынды.

“Біреулер кітаптың шығарылуына билікті кінәлап жатыр екен. Елдегі әрбір адамның кітап шығаруға құқы бар. Олардың бәрін бақылап отыра бермейді. Бірақ мынандай шудан кейін билік Бақытжан Бұқарбайдың бүкіл лицензиясын қайтарып алып, кітап шығару құқығынан айырса, қос қолдап қолдар едім. Отырардың қақпасын ашып берген Қарашоқы секілді адамдардың іштен іріткені қажет емес”, - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости