Кейінгі уақытта әскерде өлім-жітім жиілеп, қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Мәселен, жақында екі сарбаз қаза тауып, жеті сарбаз өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл қорғаныс жүйесіндегі тәртіп пен бақылаудың әлсірегенін аңғартады. Осы мәселеге байланысты әскери сала ардагерлері Серік Шалов пен Жанат Ережеп Dalanews.kz агенттігіне пікір білдірді. Сарапшылардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың белең алуына бақылаудың босаңсуы, тәрбие жүйесінің әлсіреуі, кадр тапшылығы және жастардың моральдық-психологиялық дайындығының төмендігі тікелей әсер етіп отыр.
Серік Шаловтың пайымдауынша, әскерде болып жатқан өлім-жітім - кездейсоқ жайт емес.
“Өкінішке қарай, бұл жүйелі мәселелердің көрінісі. Әскер қоғамның айнасы. Егер қоғамда моральдық, әлеуметтік және басқарушылық дағдарыс байқалса, ол ең алдымен осындай жабық құрылымдарда көрінеді”, — дейді ол.
Шалов әскердегі қайғылы оқиғалардың басты үш себебін атады.
“Менің ойымша, біріншіден - тәрбие, екіншіден - бақылау, үшіншіден - кадр саясатындағы олқылықтар себеп. Бұрын біздің кезімізде командирлер, тәрбиеші офицерлер сарбаздардың жағдайына көбірек көңіл бөлетін. Тәртіп пен моральдық ахуал жеке бақылауда болатын. Ал қазір бұл көбінесе қағаз жүзіндегі есепке айналып кетті”, — дейді ол.
Сарапшының сөзінше, қазіргі таңда жас сарбаздардың ішкі күйін түсініп, оларға жеке көңіл бөлу мәдениеті жоғалған. Бұл — әскери ортадағы ең қауіпті құбылыс.
“Біз кезінде сарбаздың казармадағы өміріне тікелей араласатынбыз, отымен кіріп, күлімен шығатынбыз. Ал бүгінде бұл дәстүр ұмытылып барады. Көптеген жас офицерлер қызметті мансап немесе материалдық табыс көзі ретінде ғана қабылдайды. Ал шын мәнінде офицер – сарбаздың ұстазы мен тәрбиешісі. Егер басшы беделін сенім мен әділдік арқылы орнатпаса, тәртіп тек бұйрықпен шектеліп қалады. Ондай ортада адамдық қарым-қатынас жоғалады. Соның салдарын бүгінде өзіміз көріп отырмыз”, — деп қосты ол.
Шалов сарбаздардың моральдық және психологиялық дайындығы мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұл бағытта белгілі бір жұмыс атқарылғанымен, көбіне формализм басым.
“Әрине, бұл бағытта жұмыс бар, бірақ көбіне формальді деңгейде ғана жүргізіледі. Психологтар да бар, алайда олардың ықпалы шектеулі. Ал жас сарбаз үшін бейімделу кезеңі өте ауыр өтеді. Өйткені өзіміз де кезінде жас сарбаз болдық. Жаңа орта, тәртіп, қысым, жауапкершілік – мұның бәрі адам психикасына әсер етпей қоймайды. Осындай жағдайда кәсіби психологиялық қолдау мен ашық әңгіме мәдениеті ауадай қажет”, — дейді ол.
Сондай-ақ ол әлімжеттік пен зорлық-зомбылық мәселесін де атап өтті. Оның пікірінше, мұндай құбылыс тек әскерде ғана емес, қоғамда да тамыр жайған.
“Сарбаз неден қаза табады? Көп жағдайда тәртіп пен тәрбиенің әлсіздігінен, бақылаудың жоқтығынан. “Дедовщина” деген құбылыс армияда ғана емес, қоғамда да бар. Мәселен, отбасында, балабақшада, мектепте – күшті әлсізге үстемдік жасайды. Осындай әлімжеттік мәдениеті бала бойында әскерге дейін-ақ қалыптасады. Ал әскери ортада ол тез көрініс табады. Сондықтан бұл тек әскердің емес, тұтас қоғамның дерті”, — деді ол.
Сарапшының айтуынша, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүйелі және ашық бақылау қажет.
“Біріншіден, әскерде тәуелсіз бақылау тетіктерін күшейту керек. Мысалы, әскери омбудсмен немесе қоғамдық кеңес арқылы бақылау жүргізудің маңызы зор. Екіншіден, офицерлердің моральдық және психологиялық даярлығы жоғары деңгейде болуы тиіс. Үшіншіден, сарбаздардың психологиялық жағдайын тұрақты бақылап, дағдарыс белгілерін ерте анықтайтын жүйе қажет. Төртіншіден, қоғам мен ата-анамен байланыс ашық болуы керек. Әскерде адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ екенін түсінетін мәдениет қалыптастыру қажет. Мұны өзгерту үшін жүйелі реформа керек”, – деді Шалов.
Оның сөзінше, адам өмірі кез келген әскери құрылымның басты құндылығы болуы тиіс.
"ҚР Қарулы Күштерінің Ардагерлері" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы филиалындағы төрағасы, запастағы полковник Жанат Ережепов те әскердегі қайғылы оқиғалардың себебін бірнеше фактормен байланыстырады. Ол жастардың моральдық-психологиялық дайындығының әлсіздігі бірінші орында тұр деп санайды. Сарапшының айтуынша, қазіргі жастардың өмір салты өзгерген, физикалық белсенділігі азайған, әлеуметтік байланысы әлсіреген.
“Қазір жастар ұялы телефон мен компьютерге тәуелді. Далаға шықпайды, физикалық жұмыс істемейді. Сондықтан олардың әскерге бейімделуі қиын”, — дейді Ережеп.
Ол әскери комиссариаттардағы және медициналық тексерістердегі кемшіліктерге де назар аударды.
“Бұрын медициналық комиссия баланың денсаулығын мұқият тексеретін. Ал қазір бұл жұмыс формальді сипат алған. Әскерге жарамсыздар да іріктеліп кетіп жатады. Мұның бәрі бақылау мен жауапкершіліктің әлсіреуінен”, — дейді ол.
Ережептің пікірінше, соңғы жылдары офицерлік құрамның әлеуметтік мәртебесі де төмендеген. Бұл фактор әскердегі тәртіп пен беделге тікелей әсер етеді.
“Қазір офицерлердің айлығы төмен, ал талап жоғары. Әлеуметтік қамтамасыз ету әлсіз. Сондықтан жас мамандар бұл қызметке құлшыныспен келмейді. Бұрын офицер болу – мәртебе еді, қазір ол тұрақты табыс көзі ретінде ғана қаралады”, — дейді полковник.
Оның айтуынша, бұл жағдай әскердегі тәртіптің әлсіреуіне, кадр тұрақсыздығына және моральдық беделдің төмендеуіне алып келген.
“Офицер — сарбаздың үлгісі болуы керек. Егер басшы өз борышына жауапсыз қараса, сарбаз да соны көреді. Сол кезде әскери тәртіп бұйрыққа ғана сүйеніп, адамдық қатынас жоғалады”, — деп түйіндеді ол.
Жанат Ережеп қазіргі ахуалды түзету үшін мемлекеттің, қоғамның және отбасының күшін біріктіру қажет екенін айтады.
“Бұл тек Қорғаныс министрлігінің немесе әскери бөлімдердің мәселесі емес. Әр ата-ана, әр мектеп, әр тәрбие ошағы осы іске атсалысуы тиіс. Біз балаларымызды қорқып емес, сеніммен әскерге жіберетін күнге жетуіміз керек”, — деді ол.
Полковниктің пікірінше, нақты шешім тек зерттеу мен ашық талқылаудан туады.
“Мәселені жасыру – шешім емес. Керісінше, оны қоғаммен бірге зерттеп, нақты шара қабылдау қажет. Әскерге бару – қауіп емес, борыш пен абырой болуы керек”, — деп қорытындылады ардагер.
Сауалнама нәтижесі
Еске салайық, бұған дейін DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы ел азаматтары арасында “Қазақстан Республикасының Қарулы күштерін қабылдау” тақырыбында сауалнама жүргізген болатын.
2025 жылдың 28 тамызы мен 10 қыркүйегі аралығында өткен зерттеу нәтижесі қоғамның әскери салаға деген көзқарасында екіұдай пікір қалыптасқанын көрсетті. Бір жағынан, қазақстандықтардың 66,9%-і ел әскерінің сыртқы қауіпке төтеп бере алатынына сенеді. Екінші жағынан, респонденттердің басым бөлігі жарғыға қайшы әрекеттер, жемқорлық және материалдық-техникалық базаның ескілігіне алаңдайтынын жеткізген.
Сауалнама дерегіне сәйкес, жастардың әскери қызметке қатынасы да күрделеніп барады: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің небәрі 32,4%-і жақынының әскерге баруын толық қолдайтынын айтқан. Сонымен қатар, жастар арасында әлімжеттік пен зорлыққа алаңдайтындардың үлесі жоғары — 40,6%.
Әскердегі қайғылы жағдайлар
Соңғы апталарда Қазақстанда әскер қатарында екі бірдей қайғылы жағдай тіркеліп, қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бірі — Алматы облысында, екіншісі — Маңғыстау өңірінде.
Қорғаныс министрлігі Алматы облысында көз жұмған 19 жастағы сарбаз Дінмұхаммед Шынарбектің өліміне қатысты түсініктеме берді. Ведомство басшысының орынбасары Серік Борамбаевтың айтуынша, қазір тергеу жүріп жатыр.
“Кез келген асығыс пікір қате таралып, тергеуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл – ата-ана үшін орны толмас қаза, біз үшін де ауыр соққы. Командир ретінде біз әр сарбазды жеке танимыз, олардың бір жылдық қызметін бірге өткереміз. Мұндай жағдай бәрімізге ауыр тиеді”, – деді Борамбаев.
Белгілі болғандай, Дінмұхаммед Шынарбек 2024 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылған. Оның егізі Даниял былтыр күзде Отар гарнизонына алынған екен. Отбасы мүшелерінің айтуынша, марқұмның өлімі суицид деп хабарланғанымен, туыстары бұл нұсқаға сенбейді.
Бірақ бұл жалғыз оқиға емес. Жуырда Маңғыстау облысындағы №99116 әскери бөлімінде жеті сарбаздың өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені анықталды. Бұған дейін тек үш сарбаз туралы айтылғанымен, кейін олардың саны артқаны белгілі болды. Барлығынан да қолдың күре тамырында жарақат іздері табылған.
Мекеме басшылығының сөзінше, сарбаздар психиатриялық емханада тексеріліп, ауыр психикалық ауытқулар табылмаған.
“Қазір оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатыр, дәрі-дәрмекпен емдеу қолданылған жоқ”, – делінген министрлік хабарламасында.