Каддафи? Ол атом бомбасын сақтап қалуымды сұрап, ақша ұсынды - Назарбаев

Dalanews 17 июл. 2021 07:56 1097

Экс-президент Назарбаев ескі күндердің естелігін көңіл көзінен өткізіп, көпшілікпен бөлісуде деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Соңғы кезде Ресей мен Орта Азияны төңіректеп кеткен Америка режиссеры Оливер Стоунмен тілдескен экс-президент атом қаруын сақтап қалу үшін өзіне ақша ұсынған адамдардың болғанын айтыпты. 

КСРО құлағасын Ливия көсемі Муаммар Каддафи Палестина лидері Ясир Арафатты араға салып, Қазақстаннан ядролық қаруды сақтап қалуды сұраған. Сөйтіп біздің елдің Ислам өркениетіндегі ядролық қаруы бар мемлекетке айналғанын қалаған екен.

Бұдан біржолата бас тартуға оқталған Назарбаевты ойынан айнытып, 20 млрд доллар ақша ұсынған.

“Ол тұста атом арсеналының ауқымы бойынша Қазақстан әлемде төртінші орында тұрды. Маған Батыс пен АҚШ-тың шенді-шекпенділері арты-артынан ағылып келе бастады. Алдымен Маргарет Тэтчермен сауалдастық. Кейін Американың Мемхатшысы Джеймс Бейкермен таныстық. Бәрі де ракеталарды қайда жіберерімізді білгісі келді”, – дейді Стоунмен сырласқан Назарбаев.  

Ислам елдерінің мемлекет басшылары сол тұста Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін басқарған Тоқаев канцеляриясына жапатармағай хат жолдаған.  

“Олар Қазақстанның ислам елдері арасында ядролық қаруы бар алғашқы мемлекет атанғанын қалады”, – дейді экс-президент.


Осы мақсатта Алматыға Палестина басшысы Ясир Арафат арнайы келіп, Каддафидің сәлемін жеткізген. 

“Муаммардың сізге айтар бұйымтайы бар. Ядролық қаруды қайтеріңізді білгісі келеді” деді ол. Соған қарағанда ракеталарды сатуды сұрап келгендей көрінді. 

Мұндай ой менің миыма да кіріп шықпаған еді. Әлгі жерде: “Бұларды күтіп-бағу қымбатқа түседі. Қазақстанның қалтасы көтермейді” деп жауап қаттым. 

Арафат мырза, “қанша қаражат қажет?” деп елең ете қалды. Ол тұста ақшаның, соның ішінде доллардың қадірін білмейтін едік. Әзілдеп, ойыма келгенді санды айта салдым, 20 млрд... Шыны керек, Арафат та әзілдеп тұрғандай көрінді”, – дейді экс-президент. 

Алайда Палестина басшысы Назарбаевтың сөзін шын қабылдап қалған. “Бұныңызды Каддафиге жеткіземін, ақшаны аударып жібереді” деп жауап қатқан. 

“Сонымен, бұл ақша шотыңызға түсті ме?” деген Стоунның сауалына Назарбаев: “Жоқ, менің оны алатын ойым болған жоқ” деп жауап беріпті. 

Америка режиссері мен Қазақстанның экс-президенті арасындағы екі сағатқа созылған деректі фильмнің тұсаукесері осы аптаның бейсенбісінде Мәскеуде өтті. Жоба жалпы саны 8 сериядан тұрады. Ресми презентациясы Рим кинофестивалінде өтеді деп жоспарланған. 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости