Жүздеген мың оқырманы бар блогерге іздеу жарияланды

Dalanews 24 окт. 2023 09:15 1355

Қазақстан "Бәсе" YouTube-каналының авторлары, ерлі-зайыпты Наталья және Айдос Садықовтарға іздеу жариялады. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке сілтеме жасап, Tengrinews.kz сайты хабарлады.

ІІМ мәліметінше, соттың 23 қазандағы санкциясына байланысты Садықовтарға "Әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыру" бабымен іздеу жарияланған.

Қазақстан Наталья Садықоваға 2014 жылы іздеу жариялаған. Ол кезде Садықоваға мәжілістің бұрынғы депутаты Марал Итеғұловтың ар-намысын қорлады деп айыпталған. 2014 жылы Садықова Киевте екенін айтқан еді.

2012 жылы Ақтөбе соты оппозиция белсендісі Айдос Садықовты "полицейлерге қарсылық көрсетті" деп екі жыл түрмеге жапқан. Садықовтар өздерінің үстінен қозғалған істердің "саяси астары" бар деген еді.

Айдос Садықов 2010 жылға дейін сол кездегі "Азат" жалпы-ұлттық социал демократиялық партиясының Ақтөбе филиалының жетекшісі болды. Сол жылы ол бұл партиядан кетіп, "Гастат" аталатын қоғамдық қозғалыс құрды. Ол қозғалыс қытайлық "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" компаниясында тәуелсіз кәсіподақтардың құрылуына мұрындық болды. Садықов мұнайшылар құқығының бұзылмауын талап еткен акциялар өткізіп көзге түскен.

Кейін Садықов та елден кетіп, әйелі Наталья Садықова екеуі Киевте тұрған. Олар 2014 жылы "Бәсе" деп аталатын Youtube канал ашып, билікті сынайтын, биліктегілердің жемқорлыққа қатысы бары туралы видеолар жариялай бастаған. "Бәсеге" қазір 996 мың адам жазылған.

Рекомендовать
Последние новости