Қазақстан мектептерінде мемлекет есебінен берілетін тегін ыстық тамақтың басым бөлігі қоқысқа кетіп жатыр. Бұл туралы журналист Ришат Асқарбекұлы айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, асханаларда дайындалатын тағамның 80–90 пайызы желінбей, тіпті малға беріліп отыр. Яғни бюджеттен бөлінген қаржы нақты балаға емес, ысырапқа жұмсалуда.
Журналист бұл жағдайды ашық абсурд деп бағалайды. Оның пікірінше, "Тағамтану академиясы бекіткен рацион" деген сылтаумен балалар жеуге жарамсыз, дәмсіз әрі сапасыз тамақ беріліп отыр.
Норматив бар, бірақ нәтиже жоқ
Қазақстанда мектептегі тамақтану жүйесі қағаз жүзінде реттелген. Рационды Тағамтану академиясы бекітеді, калориясы, құрамы, витамин мөлшері есептеледі. Бірақ іс жүзінде бұл нормалар баланың нақты талғамы мен физиологиясына сай келе бермейді.
Ришат Асқарбекұлы балаларға берілетін ас көбіне судай компот, піспеген қырыққабат, суық тамақ түрінде ұсынылатынын атап өтті. Мұндай тағамды ересек адамның өзі зорға жесе, бастауыш және орта сыныптағы балалардың жемей қоюы заңды.
Яғни проблема тек нормативада емес, оны қалай орындап жатқанында.
Ришат Асқарбекұлының сөзінше, мектептерде тамақтандыру қызметі тендер арқылы беріледі. Бұл жүйені бәрі біледі, бірақ ешкім ашық айтпайды:
Кәсіпкер үшін бастысы – тендерді ұтып алу. Мектеп директоры үшін – есептің дұрыс жабылуы. Ал мемлекет ақшасы желінбеген тамақпен бірге қоқысқа кетіп жатыр.
Бұл жерде сапа емес, "қаржы игеру" басты мақсатқа айналған.
Ресми есепте бір бала күніне белгілі бір сомаға тамақ ішкен болып саналады. Бірақ бала оны жемесе де, ақша бәрібір есептен шығады. Бұл – жасырын ысыраптың ең қауіпті түрі.
Егер расымен тағамның 80–90 пайызы желінбесе, онда бұл миллиардтаған теңге тиімсіз жұмсалып жатыр деген сөз.
Депутаттар неге үнсіз?
Журналист "Қашан түбегейлі шешім қабылдайсыздар?" деп депутаттарға тікелей сұрақ қойды.
"Көріп, күліп, жылтырап кеткеннен не пайда, Екатерина Смолякова? Ал енді оны көтеріп, бір үлкен бетбұрыс жасау керек немесе дәмді, әдемі қылып жасаса – бала жемей ме?!", - дейді журналист.
