Жолдау әділеттілікке деген сенімді нығайтты

Dalanews 12 сент. 2022 11:32 902

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауы оның бұрынғы жолдауларынан бірінші кезекте өзінің әлеуметтік бағытымен ерекшеленеді. Жолдау ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағын іске асыруға бағытталған, онда Қазақстан Республикасы демократиялық, құқықтық және зайырлылықпен қатар әлеуметтік мемлекет ретінде бекітіледі. Сондықтан да Мемлекет басшысы онда мемлекет пен оның органдары үшін Адам бірінші орында тұруы және оның әл-ауқатының деңгейін арттыруы тиіс екенін атап өтеді. Бұл – елде жүргізіліп жатқан барлық реформалардың басты мақсаты. Ұлттық табысты әділ бөлу қажеттілігі – бүгін Мемлекет басшысы жариялаған Жолдауда өзекті жағдай.

Бұдан әрі Мемлекет басшысы жақында өткен конституциялық реформа барша қазақстандықтарды алаңдатып отырған және деструктивті күштер өздерінің саяси мүдделері үшін пайдаланып отырған жер мәселесіне нүкте қойғанын атап өтті.

Ел басшысы белгілеген мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өкілеттіктерді Үкіметтен салалық министрліктерге беру және тиісінше олардың әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды іске асыру үшін жауапкершілігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту туралы мәселелер  аса маңызды болып табылады, олар сол арқылы мемлекетке көмектесе отырып, жергілікті жерлерде көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге тиіс.

Жолдауда сот рөлін арттыру мен әкімшілік әділет саласының одан әрі дамуы да көрініс тапты, онда Мемлекет басшысы судьялардың тәуелсіздігіне және олардың қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды, бұл, сөзсіз, азаматтардың әділеттілікке деген сенімін нығайтуға және қоғамдағы құқықтық нигилизмді жеңуге ықпал етеді.  Бұл ретте Президент  мемлекет пен оның органдарының сот төрелігін іске асыруға қатысуын барынша азайтуды талап етеді. Сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін тарта отырып, сот жүйесін одан әрі реформалау қажеттігі де айтылды.


Саяси плюрализмді одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйенің барлық субъектілерінің саяси қызметі тек заң шеңберінде жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті. Саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ азаматтардың қызметінің заңдылығы – мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі болып табылады.

Мемлекет басшысы Жолдауда азаматтық қоғам мен заң қауымдастығы үшін де маңызды мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу, жеке адамға қарсы бірқатар қылмыстар үшін жазаны қатаңдату (мысалы, кісі өлтіру, ауыр дене жарақатын салу және т.б.), Қаңтар оқиғасы кезінде маңызы аз қылмыстар жасаған адамдарға рақымшылық жасау,  ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне тексеру жүргізу қажеттілігі.

Стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді

Құқықтанушы ғалым ретінде маған Мемлекет басшысының қолданыстағы заңдарды үнемі өзгертуге жол бермеу туралы ұстанымы ұнайды. Шынында да, заңдарға жиі өзгертулер мен толықтырулар енгізу әрқашан олардағы нормаларды іске асырудың тиімділігіне ықпал ете бермейді. Заң ерекше тәртіппен қабылданған, халықтың еркі көрінетін ең жоғары заңды күшке ие нормативтік құқықтық акт ретінде ұзақ мерзімді болашаққа, ал ондағы нормалар бірнеше реттік, тұрақты және ұзақ мерзімді қолдануға арналған.

Сондай-ақ, ҚР Президентінің елімізде мемлекеттік институттарды қайта жүктеудің құрамдас бөлігі ретінде бір мәртелік президенттікті енгізу туралы шешімі өте маңызды, саяси негізделген және заңдық тұрғыдан тексерілген болып табылады. Бір кезеңдік президенттік бағыт демократиялық және құқықтық қатынастарда дамып отырған кейбір елдерде бар.


Қазақстанда президенттіктің бір мәртелік жеті жылдық мерзімі қоғамды одан әрі демократияландыру процесіне ықпал ететін болады, билікті басып алу мүмкіндігі үшін нақты құқықтық кедергі болады.

Бұдан басқа, жеті жылдық мерзім (қолданыстағы бес жылдық мерзіммен салыстырғанда) ҚР Президенті лауазымында болу уақытын ұлғайтып қана қоймай, жаңадан сайланған Мемлекет басшысына толық көлемде, оның ішінде белгіленген ұзақ мерзімді стратегиялық міндеттерді іске асыруға мүмкіндік береді. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолының нақты және нық қадамы болмақ.

Е. ДҮЙСЕНОВ, заң ғылымының докторы, профессор

 

Рекомендовать
Последние новости