Жетісулықтар Наурызды кең көлемде атап өтті

Жарбол Кентұлы 22 мар. 2024 17:11 6481

Бүгін Жетісу облысында «Әз Наурыз – игіліктер бастауы!» атауымен Наурыз мерекесі өткізілуде. Осы күні Талдықорғандағы «Жастар» саябағы маңында этно-ауыл тігіліп, онда салт-дәстүр көрсетелді, спорттық жарыстар, қолөнер көрмелері, ұлттық бұйымдар жәрмеңкесі сияқты көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Талдықорғандағы Қонаев көшесінің бойында сап түзеген «Наурыз ауылындағы» киіз үйлерде қазақ халқының салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіліп, «Жастар» спорт кешенінің аумағында палуандар арасында қазақ күресінен «Талдықорған барысы» жарысы ұйымдастырылды.


Мерекеде еріктілер мен меценаттардың қатысуымен қайырымдылық акциясы, «Бауырсақ пати», «Наурыз көже пати» сияқты іс-шаралар атқарылды.

Сол сияқты облыстағы этно-мәдени орталықтардың көрмесі, ұлттық тағамдары мен мерекелік ән-күйі ұсынылды және ұлттық спорт ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Оған қалалықтар мен қала қонақтары, жалпы мейрамға келушілер белсене қатысты.


Сахнадағы мереке облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың құттықтауымен басталды. Облыс әкімі өз сөзінде соңғы жылдары Наурызды халықты біріктіретін, қоғамды ұйыстыратын ортақ құндылық ретінде орнықтыруға баса назар аударылып отырғанын атап өтті.

Елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, Наурызнама он күнге созылғанын, сөйтіп мейрамның ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түскенін тілге тиек етті.
- Ұлыстың Ұлы күнін атап өтуді өздеріңізбен бірге 14 наурыз – Көрісу күні - Амал мерекесімен бастадық. Жарқын болашаққа нық қадам бассын деген ниетпен бір күнде 50 сәбидің тұсауын кестік, бұл игі іс Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілді. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын көресің», - дейді халқымыз. Өңірде демеушілердің көмегімен, волонтер жастардың атсалысуымен жүздеген мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көрсетіліп, қарттарға қолғабыс жасалды.

Әрине, қайырымдылық бір күнмен шектелмейді. Ірі меценаттар облыстың әр түкпірінде жыл бойы тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, спорт және тағы басқа маңызды салаларда жеке инвестиция салып, халыққа қызмет ететін маңызды нысандар тұрғызды. Биыл да бірқатар жобалар жалғаспақ, - деген Бейбіт Исабаев Наурызнамада атау қойылған әр күннің мән-маңызы жайлы айтты.

Сол сияқты Президенттің жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ жиынында елімізді дамытуға, халықтың бірлігін бекемдей түсуге қатысты айтқан маңызды бастамаларына тоқталды. Сөзінің соңында халыққа ізгі тілегін білдірді.
- Жетісу өңірінің көркейіп-гүлденуіне күш-қайратын арнап, береке-бірлігімен атсалысқан барша қауымға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Биылғы 2024 жаңа жылда да өздеріңізбен бірге ортақ мақсат-мүдде жолында бірлесіп еңбек етеміз деп сенемін.

Сіздерге мықты денсаулық, толайым табыс, ұзақ та мағыналы ғұмыр, бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта жарастық, қуаныш, молшылық болсын, - деді Б. Исабаев.


Мұнан соң «Қасиетті халық тойы - нұрлы Наурыз» атты театрландырылған қойылым қойылып, онда «Табиғаттың оянуы», «Аластау рәсімі», «Күн мен түннің теңелу», «Салт-дәстүр», «Қызғалдақтар» биі, «Наурыз көже», «Шашу» көріністері көпшілікке паш етілді.

Бұл қойылымдарға «Айгөлек», «Ачимноуль», «Туған тел», «Контраст», «Айналайын», «Юные таланты», «Алтын дән», «Солнышко», «Темп», «Улыбка» ансамбльдері мен Б.Римова атындағы драма театрының әртістері және «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұжымдары қатысты.

Осы күні Жетісу облыстық Д. Рақышев атындағы филармония өнерпаздарының, сол сияқты Қазақстан эстрада өкілдерінің мерекелік өнер тартулары ұсынылды.
Осы күні «Жастар» Спорт сарайында мектеп футбол командаларының арасында ойын ұйымдастырылып, 100 футбол добы таратылды. Мереке кешкілік отшашумен, жастардың би кешімен жалғасады.

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев.

 


Рекомендовать
Последние новости